Биылдан бастап елімізде наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Бұдан былай жыл сайын 14-ті мен 23-і наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі белгіленді.Осыған байланысты өңірде Наурыз мейрамын мерекелеуге орай 200-ден астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында айтылды.


Наурызнамаға сай бүгін қайырымдылық күні. Петропавлда осы мерекеге орай тұрғындар назарына облыстық қуыршақ театрында «Песню пой моя домбра», ал Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Сараң» қайырылымдылық спектаклідері ұсынылды. 16-шы наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні». Жоспарға сай басты алаңда театр актерлары ұлттық салт-дәстүрді көрсететін болады. Сондай-ақ Абылай хан резиденциясында «Наурыз мейрамы – ұлттық дәстүрлердің қайнар қазынасы» атты театрландырылған іс-шара өтеді.


АЯГӨЗ НҰРСЕИТОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шараларды өткізу ұсынылып отыр. "Достық мол" ойын-сауық орталығында ұлттық стильдегі киім мен әшекейлердің көрме-жәрмеңкесі өтуі жоспарланған.19 наурыз – Жаңару күніне орай өтетін Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының "Сегіз сери" қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті және де өңірімізге белгілі Вячеслав Смирнов танымал суретшінің "Туған өлке суретшінің көзімен" атты картиналар көрмесі.


 Наурызнамаға сай 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні облыстың барлық аймақтарында және Петропавлдың түрлі алаңдарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату және т.б. жарыстар ұйымдастырылады.Ал 21 наурыз – Ынтымақ күні. Мерекенің басты сәттерінің бірі "Ботай - ұлы дала мәдениеті" көрмесі болмақ. Суретшілердің картиналарында тек, Солтүстік өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәдени брендіне айналған "Ботай қонысы" археологиялық ескерткіші ұсынылады.


АЯГӨЗ НҰРСЕИТОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні облыс орталығы мен барлық аудандарында мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.


Ұлыстың Ұлы күніне орай 17 наурыз күні Петропавлда «Ұлы күні Ұлыстың, Басы болсын ырыстың» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген от ауызды, орақ тілді суырып салма өнерінің 14 шебері киелі Қызылжарда бас қосады. Солтүстік өңірде республикалық айтыс осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің 11 облысынан келген айтыскерлер қатысады.


 ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, ЕРІК АСҚАРОВ АТЫНДАҒЫ АҚЫНДАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Дүбірлі додаға елімізге танымал Мақсат Ақанов, Мейірбек Сұлтанхан, Төлеген Жаманов, Нұрлан Есенқұлов, Иранғайып Күзембаев, Қазірет Бердіхан, Бауыржан Шимерден, Айым Асылбекқызы, Ақбота Манарбекова, Нұрбол Жауынбаев, Ерлан Дәулет қатысады. Солтүстік Қазақстан облысының намысын Жарқын Жұпархан, Жұмабек Рахимов, Қабдолла Бейісхан қорғайтын болады.Қазылар алқасына Отан орденінің иегері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық етеді. Және басқа да мықты танымал тұлғаларымыз айтыскерлеріміздің өнерін бағалайтын болады.


 Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізеді.Жалпы 7 жұп болады. Мықты деген 3 жұп қана финалға шығады. Айта кетейік, республикалық айтыс 17 наурыз күні сағат 11:00де С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратында өтеді.