Этностильдегі киім үлгілері қазір үлкне сұранысқа ие. Петропавлдың 67 жастағы тұрғыны Марзия Мордвинцева сондай киім тігудің шебері. Көп жыл бойы ұлттық нақыштағы киім тіккен ол, зейнетке шықса да қолөнерден қол үзген емес. Керісінше, оны өзінің сүйікті ісіне айналдырған.


Тебетей - татар халқының ұлттық киімінің ажырамас бөлігі. Ісмер қолы қалт етсе, қорабынан ине жібі мен қажет маталарын шығарып, тебетейдің түр-түрін тігеді. Оның қолынан шыққан бас киімнің саны қазір шамамен 20-ға жетеді. Тебетей тіккен кезде әсіресе, оны ою-өрнекпен кестелеп, әшекей тастармен безендіру ең қиыны дейді шебер. Марзия Мордвинцеваның айтуынша, татар халқы ашық матадан тігілген киімді ұнатады, онда негізінен гүлдің суреті бейнеленеді. Ал негізгі ою-өрнек – қызғалдақ.


 МАРЗИЯ МОРДВИНЦЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бас киімдердің әйелдерге, содай-ақ ерлер мен балаларға да арналған түрлері бар. Әсіресе, мына тебетей татар мен қатар қазақ халқының ұлттық бас киімі. Бұл тақия мен үшін өте қымбат, себебі, бұл мен алғаш тіккен бас киім.


Он саусағынан өнер тамған шебер бас киіммен қатар этно стильдегі сырт киімдерді де тігеді. Сонымен қатар ол «Дуслык» татар-башқұрт мәдени орталығының белсенді мүшесі. Ұйымда өтетін әр мерекелік іс-шарға арнап шебер көздің жауын алар түрлі дизайндағы ұлттық киімдер тігеді.


МАРЗИЯ МОРДВИНЦЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Наурыз – ерекше жақсы көретін мерекелердің бірі әрі бірегейі! Себебі, ол жаңару мен гүлдену мейрамы. Кез келген қыз-келіншек бұл айтулы күнде гүлдей жайнап, әдемі болып жүруі керек. Сондықтан да мен оларға арнап түрлі дизайндағы көйлектер мен тақияларды, ұлттық нақыштағы басқа да киімдерді өз қолыммен тігемін.


 67 жастағы қолөнер шебері бұдан бөлек ваза, картина сынды үйге арналған сәндік қолөнер бұйымдарын да істейді. Онымен қоса, ісмер киізден панно, қоржын, акссесуарлар дайындайды.