Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында фермерлердің біліктілігін арттыруға арналған ғылыми-практикалық семинар өтіп жатыр. Іс-шараға 30-ға жуық маман қатысуға ниет білдірген. Бұл жолы фермерлер ет өндірісін дамыту және шем-жөп шығарудың жаңа әдістерімен танысатын болады.


Қазақстанда ет және ет өнімдерінің өндірісі жыл өткен сайын өсіп келеді. Облыста мал шаруашылығының етті бағытымен айналысатын 150-ге тарта кәсіпорын бар. Ірі қараны дұрыс күтіп баптау, оның жем-шөбін беру сынды мәселелер семинардың бүгінгі отырысында талқыланды. Іс-шараға шаруа қожалықтарының басшыларынан бөлек, технологтар мен зоотехниктер қатысты.


ДАНИЯР ЖАНТІЛЕУОВ, «СҚ АШҒЗИ» ЖШС МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Ет өндірісі саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі: селекциялық жетілдіру жұмыстары. Әсіресе осыны жаңа әдіс-тәсілдер негізінде іске асыру қажет. Түлікті тиімді азықтандыру жолын да қарастыру керек. Семинар екі күнге созылатын болады, бүгін теориялық бөлім өтіп жатыр.


Семинардың екінші күні қатысушылар «Новомихайловское-2003» ЖШС-не барады. Бүгінде 150-ге жуық маманды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында 700-ге жуық сиыр өсіріледі. Фермерлер кәсіпорындағы жағдаймен танысып, жинаған білімдерін іс жүзінде шыңдамақ.


ОЛЕГ ЩЁГОЛЕВ, «НОВОМИХАЙЛОВСКОЕ-2003» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Азықтандыру техникасы, шаруашылықтағы түліктердің күтімі біз үшін қашан да маңызды. Семинарда тек тың дүниемен танысып қоймай, әр кәсіпорын бір-бірімен тәжірбие алмасады. Институт тарапынан азықтандыру жүйесіне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар келіп түсті. Енді оны да қарастырып көреміз. Шығын да аз, өнім де сапалы болса қос тарапқа да тиімді деп білемін.


Айта кеткен жөн, бұл институт ұйымдастырып отырған алғашқы семинар емес. Осыған дейін фермерлер сүт өнімдері өнеркәсібін дамыту бойынша тәжірбие жинаған болатын.


Айнұр Досан