Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық. Әсіресе театрдағы ізденіс пен еңбектің елеусіз қалмайтыны анық. Сахнада бар өнерін ортаға салатын, ғұмырының бір бөлігін театрға арнағандардың бірі – Марина Залевская. 20 жылдан астам театр сахнасында еңбек етіп жүрген актрисамен арна тілшілері тілдесіп қайтты.


 Петропавлдағы Н. Погодин атындағы орыс-драма театрының 130 жылдан астам тарихы бар. Қаншама өнер иесінің тағдырын бір сахнаға тоғыстырған өнер ордасында небір үздік спектакльдер сахналанған. Марина Залевскаяның негізгі мамандығы« Театртанушы, менеджмент». Екатеринбург мемлекеттік театр университетінде білім алған. Кейін жергілікті театрға жұмысқа орналасып, тұрақтап қалады.


 МАРИНА ЗАЛЕВСКАЯ, Н. ПОГОДИН АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ:

- Алғашқы спектаклім әлі есімде. Мектепте оқып жүргенде халықаралық театр құрамына қосылдым. Явленкаға іс-сапармен бардық. Кейін Леонид Филатовтың «Про Федота-стрельца, удалого молодца» атты қойылымын көптің назарына ұсындық. Мен сол жерде бала күтушінің рөлін сомдаған едім. Актриса болуды армандамадым, тіпті ойымда да болмады. Бірақ тағдырдың өзі осы саламен табыстырды.


Марина Залевская өмірінің 20 жылын театр өнеріне арнаған. Күні бүгінге дейін 20-дан астам спектакльде әртүрлі рөлдерді сомдаған екен.


МАРИНА ЗАЛЕВСКАЯ, Н. ПОГОДИН АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ:

- Актриса үшін әр рөлдің орны бөлек. Міне сахнада жүргеніме 20 жылдан асты. Рөлдерімнің ешқайсысы бір бірне ұқсамайды. Әсіресе Липочка мен Огюстина рөлі есімде жақсы сақталыпты. Бұл мен толық қанды сомдап шыға алған кейіпкерлер деп ойлаймын. Сахнада мен емес, басқа адам ойнағандай әсер алғанмын.


 Бүгінде Марина Залевская әкімшілік қызметте. Сондай-ақ, сирек кездесетін шырша ойыншықтарын жинаумен айналысады.