Ауған соғысы - тарихтағы қасіретті оқиғалардың бірі. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толық шығарылғанына 35 жыл толады. Осыған орай Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Біз сені ұмытпаймыз, Ауғанстан!» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Іс-шараға келген жастар майдангерлердің әңгімесін тыңдап, сұрақтарыа жауап алды.


1979 жылы Кеңес әскері қатарындағы сарбаздар интернационалдық борышын өтеу үшін Ауғанстан жеріне аттанды. Сол сәтте қазақ даласынан 22 мыңға жуық азамат Ауғанстанға барып, 900 сарбаз майдан даласында қаза тапса, 20-сы хабар ошарсыз кетті. Біздің облысымыздан бір жарым мыңнан астам жігіт қан майданға аттанып, 46-сы туған елге қайтып оралмады. Содан бері 35 жыл өтті. Жиын барысында соғыс ардагерлері Ерік Тәттібаев, Николай Туранов, Қайрат Ғабдуллин жастарды отансүйгіштікке шақырып, өз бастарынан кешкен қилы күндерімен бөлісті.


 ЕРІК ТӘТТІБАЕВ, СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы:

- Біз 18 жаста әскерге келген жігіттерміз. Біз мұндай соғыс болатынын білмедік, біз ол жерге интернационалдық борышымызды өтеу, Ауғанстан халқына көмектесу үшін бардық. Біздің әскери бөлімше Кабул қаласында болды. Сол кезде қаладағы жағдай өте қиын болды. Тіпті, ойлау да қиынға соғады, себебі қайтадан сол күнді бастан кешкендей сезімде боламын. Менің анам, жақындарым соғысқа қатысқанымды білмеді, өзім үйге оралғанда анама әскерде болдым дедім.

- Қазіргі кезде соғыс болмаса екен деп тілеймін. Біріншіден, барлық соғыстарда бейбіт тұрғындар мен жазықсыз балалар қаза табады. Қаншама жауынгер майдан даласында мерт болады.Сондықтан, ендігі уақытта тек осындай бейбіт заман болса екен.


 Кездесудің мақсаты - тарихтағы ұмытылмас кезеңдерді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, батылдық пен ерлікке баулу.


ДИНАРА ҚАРАТАЕВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Биыл 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. Міне, осы күн қарсаңында кітапханамызда бүгін ардагерлермен кездесу өтуде. Мұндай кездесу жастарға интернационалист жауынгерлердің өз аузынан сол соғыс жайында білуге мүмкіндік береді.


 Іс-шара барысында студенттерге ауған соғысы жайыдағы деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Сондай-ақ, «Ауғанстан жалынында» атты кітап көрмесі таныстырылды. Кеш соңында барлық қатысушылар соғыс ардагерлерімен естелік суретке түсті.