Мемлекеттік қызметшілер «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осылай деді. Сондай-ақ, дарынды жастар және оларды қолдау мәселелері жөнінде де айтылды. Бүгінде олардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданған.
Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Қазіргі таңда, реформалардың нәтижесінде көптеген дарынды жас мемлекеттік қызметте өздерінің қарым-қабілетін көтеруге мүмкіндік алды. Президенттік жастар кадр резерві қабылданып, іріктеудің бірнеше сатысынан өткен жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады. Сондай-ақ, саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота бөлінді. Нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды.
АСҚАР БАЙМҰҚАНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Мемлекеттік аппараттың кәсібіи деңгейін көтеру үшін Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар реформалар жүргізілуде. Мысалы, мемлекеттік қызметке кіру шарттары өзгертілді, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау талаптары күшейтілді. Сондай-ақ еліміздің дарынды жастары үшін әлеуметтік лифт болып табылатын Президенттік жастар кадрлық резерві қалыптастырылды.