Осы жылдың 10 айы ішінде Мамлют ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы біршама жақсарған, алайда әлі де атқарылатын іс жетерлік. Биылғы жылдың басынан бері осы ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жәрмеңкелерде тұтынушыларға 44,6 миллион теңгенің өнімін өткізген. Мамлюттіктердің тауарлары Астанада да сұранысқа ие, елордалықтарға 24,8 миллион теңгенің 59,2 тонна азық-түлігін саудалаған. Бұл туралы Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко брифингте айтты.


 Аудандағы басым бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы, шаруалардың алдында өнім өндіру көлемін ұлғайту міндеті тұр. 10 айдың қорытындысы бойынша бұл саладағы жалпы өнім көлемі 37,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 91,7 пайызға артты. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жетілдіру басты назарда болмақ. Калугино ауылында 612 басқа арналған «Әйтеке би» ЖШС сүт фермасының құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда тауарлы сүт фермасына 429 ірі қара мал жеткізілді және жыл аяғына дейін 183 бас малды тағы әкеледі.


 ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, МАМЛЮТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Сондай-ақ ауданда 400 басқа арналған «Кзыласкер» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасы салынып жатыр. Жобаның жалпы құны - 1,7 млрд теңге. Сонымен қатар «Белое-Агро» ЖШС базасында жартылай фабрикаттар шығаратын цех ашуды, Ахитовка ауылшаруашылық өндірістік кешенінің базасында сүт өңдейтін шағын зауыт ашуды жоспарлап отырымыз.


Сонымен қатар Мамлют ауданында жыл басынан бері жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілген. Аудан әкімінің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары аясында аудан аумағында 185 шақырым жол жөнделген, келер жылы бұл жұмыс жалғасын табады.


 ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, МАМЛЮТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 Биыл Қызыләскер-Раздольное, Белое-Щучье аудандық жолының жөндеу жұмыстары аяқталды. Белое, Покровка ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеуді бастаймыз. Биыл қаланың 6 көшесін жөндедік. Бұл жұмысты келесі жылы да қарқынды жүргізуді жоспарлап отырмыз.


Брифинг барысында аудан әкімі аймақта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын өркендетуге ден қойылғанын айтып өтті. Осы бағытта облыс бойынша 38 елді-меккеннің 25-і ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда 6 елді-мекенге су құбырын тарту бойынша жұмыс жүріп жатыр.