Петропавлда күрделі жөндеуден өткен «Қарасай» стадионы қайта ашылды. 2022 жылы басталған жаңғырту жұмыстары бірнеше кезең бойынша жүргізіліп, өткен жылдың соңында аяқталған. Қазіргі талаптарға сай жабдықталған нысанда алғаш рет футбол матчы өтті. Жергілікті «Қызылжар» командасы өз алаңында «Ұлытау» командасымен кездесіп, маусымды сәтті бастап, жанкүйерлермен жүздесті. Ойын барысында болған әсерлі сәттерге біздің түсірілім тобы да куә болды.

«Қарасай» стадионы бүгінде 1968 жылы құрылған кәсіби «Қызыл-Жар СК» футбол клубының негізгі алаңы саналады. Кеңес Одағы тұсында бұрынғы шіркеу зиратының орнына салынған спорт нысаны бүгінде облыс орталығындағы маңызды спорттық инфрақұрылымдардың біріне айналды.

8 мың көрерменге арналған стадион күрделі жөндеуден өтіп, бірқатар заманауи жүйелермен жабдықталды. Жасалған реканструкцияның бірінші кезеңінде алаңға жасанды төсеніш төселіп, жылыту және суару жүйелері орнатылды. Сондай-ақ жарықтандыру, дыбыстық жүйе мен электронды табло толық жаңартылып, нысан қазіргі талаптарға сай жаңғыртылды дейді Сабыржан Әбілтаев.

СНХР: САБЫРЖАН ӘБІЛТАЕВ, "ЖЕҢІС"БЖСМ БАСШЫСЫ


Ұзақ күткен жаңғыртудан кейін «Қарасай» стадионы футбол сүйер қауымға қайта есігін ашып, «Қызылжар» мен «Ұлытау» арасындағы матчты көруге келген жанкүйерлер стадион трибуналарын лық толтырды. Қайта жаңартудан өткен футбол алаңында алғашқы кездесуде алаң шынайы эмоцияға толды — жанкүйерлердің қуанышты дауысы мен қолдауы ерекше атмосфера қалыптастырды. Жергілікті «Қызылжар» командасы қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, маусымды сәтті бастады.

Айта кету керек, алдағы уақытта стадионды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Жоспар бойынша алаңның шығыс жақтағы трибунасында қосымша жөндеу жүргізіліп, оның үстіне күннен қорғайтын жабын орнату көзделіп отыр.