Петропавлда 74 сквер мен Қазақстан Конституциясы көшесін жаңғырту жұмыстары басталды. Жаяу жүргіншілер жолының жобасы 3 кезең бойынша жүзеге асады. Жұмыс барысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысып шықты.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қазақстан Конституциясы көшесінде бастау алған қалыпқа келтіру жұмысын бағамдады. Жоба үш кезеңмен жүзеге асырылады. Жаңарту жұмысы қазір Астана мен Парк көшелерінің аралығында жүріп жатыр.
Көшедегі кеспе тастар пен инженерлік желілер ауыстырылуда, көгалдандыру қолға алынған, ал ғимараттардың қасбеті бір архитектуралық стильде безендірілуде.
Ойқала мен Былғары зауыты аумақтарында тасқыннан кейін бұзылған үйлердің орнына 74 сквер салынады. Жобаны жүзеге асыруға аудандардың әкімдіктері де жұмылдырылыпты.
Атқарылған жұмыс пен жоспар жайында қала әкімі Серік Мұхамедиев баяндады.
2 мыңға жуық ағаш отырғызылады, шағын архитектуралық формалар мен орындықтар орнатылады, жарық тағылып, серуендеуге арналған аймақ құрылады. Сонымен қатар, шағын футбол ойнауға болатын қос модульді спорттық зал салынады.
Мұнда балалардың ойын алаңқайлары да, футбол мен волейбол алаңдары да пайда болады. Осы мақсатта әр ауданға 4 гектар жерден бөлінген. Тайыншалықтар Чернышевский, Тухачевский және Павлов көшелерінің тұсын көркейтіп жатыр.
СНХ: БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі
Есілдіктер де іске кірісіп кеткен.
СНХ: МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ - Есіл ауданының әкімі
Өңір жетекшісі ағаштарды дұрыс отырғызу қажеттігін қаперге салды.
Ойқаланың орналасу ерекшелігіне байланысты құрылысшылар кей учаскелердің жерінің аса ылғалды екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, облыс әкіміне скверлерге төселетін тас тақтайшалар көрсетілді.
Мердігерлер мен әкімдік өкілдері орындық, қоқыс жәшіктері мен жарық шамдарын бір дизайнда орнатулары керек.
Еске сала кетейік, қаладағы 20-шы ғасырда салынған Янгуразов көпестің үйі де жаңғыртылып жатыр. Ғимарат халық арасында "Қалыңдық үйі" деген атаумен таныс. Тағы бір ерекше жоба - "Мағжан орталығы" мәдени-ағартушылық орталығының құрылуы, оның жанынан да сквер салынады. Құрылысымен Мағжан Жұмабаев ауданының азаматтары айналысып жатыр. Аймақ басшысы тиісті жұмыстарды шілденің 5-іне дейін аяқтауды тапсырды.