Петропавлда рұқсат етілмеген 7 қоқыс полигоны анықталды, тағы 5-інде үйінділер тиісті аумақтан шығып кеткен. Облыс бойынша, Қызылжар ауданында 71, Мамлют ауданында 25, Мағжан Жұмабаев ауданында 9 рұқсат етілмеген қоқыс орындары табылды. Экологиялық талаптарды сақтап, қатты тұрмыстық қалдықтарды тиісті деңгейде сұрыптамаса, қала қоқыстың астында қалуы мүмкін. Оның алдын алу үшін алдағы уақытта Петропавлда жаңа қоқыс полигонын салу керек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов айтты.
Экология департаменті басшысының айтуынша, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ көмегімен 4 жылдың ішінде 2118 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. 274 қоқыс полигонында қоқыс белгіленген шекарадан асып, сыртқа шығып кеткен. Соның ішінде биыл рұқсат етілмеген 198 қоқыс полигонының орны анықталған, оның 76-сы бөлінген аумақ шегінен шығып кеткен. Қазіргі таңда оның 98 %-ы жойылды. Маманның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыратын жаңа полигондар салу қажет.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Айта кету керек, экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі отырысының хаттамасына сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигондарын салу, және жұмыс істеп тұрған полигондарды кеңейту сондай-ақ оларды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Осы жоспарда 2027 жылға дейін орындау мерзімімен облыс аудандарында 8 ҚТҚ полигонын салу жоспарланып отыр.
Толғанай Бейсенбаева