Ресейдің Рязань облысында «Свидания на Театральной» атты халықаралық фестиваль болып өтті. Өнер бәйгесіне Петропавлдың Н.Погодин атындағы орыс драма театры да қатысып, үздік өнер көрсетті.
Биыл 8-ші мәрте ұйымдастырылған халықаралық фестивальде Қазақстан мен Ресейдің драма театрлары бақ сынады. Фестивальге Петропавлдың Н.Погодин атындағы орыс драма театры да шақырту алды. Өңірдің өнер ұжымы көрермендер назарына “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” трагедиясын ұсынды. Қос ғашықтың қилы тағдыры суреттелген қойылым көрермен көңілінен шықты.
Енді театр актерлері тәжірибесін одан әрі шыңдап, шет елдің әртістерімен ынтымақтастық орнатып, үлкен туындыларды бірлесіп жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театры бірнеше жылдан бері Ресей театр қайраткерлері одағымен бірлесе жемісті жұмыс істеп келеді.
ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, ТЕАТР РЕЖИССЕРІ:
Біз Рязань қаласында өткен фестивальге қатысып, жақында елге оралдық. Барлығы 7 спектакль сахналанды. Ресейдегі көне театрлардың бірінде, мұндай ауқымды фестивальде өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе болды. Тәжірибелі режиссерлар қойылымдарын тағы бір пысықтап, 2 желтоқсан күні көрермен назарына ұсынады.