Өңір жолдарында жүйткіген патрульдік автокөліктерге жаңа «Кибершериф» қондырғысы орнатыла бастады. Бұл жаңашылдық полиция қызметкерлеріне жуырда қолданысқа берілді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі әзірлеген бейнематериалға назар айдарайық.
Заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін бейнебақылау жүйелері өз тиімділігін көрсетті. Интеллектуалдық камералар орналасқан жердегі көше қиылыстарында бірде-бір ауыр жол-көлік оқиғасы болмаған. Жыл басынан облыста автоматтандырылған жүйелер жол жүрісі қағидаларын бұзудың 76 мыңнан астам дерегін анықтаған. Жуырда облыстық полиция департаментінің техникалық мүмкіндіктері екі жаңа кешенмен толықты.
Әли Әбуов, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының аға инженері:
- Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қолданысына «Кибер-шериф» деп аталатын екі мобильдік аппараттық-бағдарламалық кешен берілді. Келешекте олардың көмегімен жылдамдық режимінің және басқа да бұзушылықтарды тіркеуге болады. Аталған жүйе төңіректі 360 градуста бақылай алады.
Патрульдік машинаға орнатылған әр кешенде 8 бейнекамера бар. Шолу аумағы 360 градус, сонымен қатар көлік салонында болып жатқанның барлығын аудио және бейне жазбаға түсіріп алуға қауқарлы. Кешен жылдамдықты арттыру, жолдың қарсы бөлігіне шығып жүру, ал қаланың ішінде – белгіленбеген жерге көлікті қаңтарып қою сияқты заңбұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Бұл ретте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кешеннің жұмысына араласпайды, бірақ камералар жұмысының барлық нәтижесі планшеттерге келіп түседі.
Азамат Букуев, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы:
- Бұрын қолымызға жылдамдық өлшеуішті алып, өзіміз тіркейтінбіз. Хаттамалар толтырдық. Барлығы автоматты түрде жасалынады. Іздестіру базалары арқылы іздеуде жүрген көлік құралдарын, құқық бұзушылықтарды полиция қызметкерінің қатысуынсыз автоматты түрде тіркейді. Жалған мемлекеттік нөмірлер орнатылған автомобильдерді анықтауға мүмкіндік береді.
«Кибершерифтің» басты ерекшелігі – оқылмайтын, көрінбейтін мемлекеттік нөмірлерді қашықтықтан танып, ұрланған көліктерді немесе борышкерлердің темір тұлпарларын тіркей алады. Сондай-ақ бұл кешен қарсы келе жатқан машиналарда сақтандыру полисінің және техникалық байқаудың өтуі туралы куәліктің бар-жоғын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. «Кибершериф» деп аталатын екі жаңа кешен облыстың көлік қозғалысы көп жолдарына 30 қазан күні шықты. Полицейлер айтып өткендей, бұл жүйе өз жұмысын жақсы орындап жатыр екен