Петропавлда «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» тақырыбында жас мұғалімдердің облыстық форумы өтті. Оған өңіріміздің әртүрлі аудандарынан келген 100-ден астам мұғалім қатысты. Форум аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің білікті ұстаздары шеберлік сағатын ұйымдастырды.
Өңірде жас ұстаздар форумы екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Жиында мұғалімдер оқытудың жаңа заманғы үрдістерін талқылады. Сондай-ақ, өз саласының нағыз білікті мамандары өз тәжірибелермен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар берді.
ЖӘНИЯ ОПАНОВА, ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ:
-Бұл екінші облыстық іс-шарамыз болып отыр. Былтырғы жылы жас ұстаздарға арналған үлкен форумды бастадық. Ол форумда сәтті нәтижеге жеткеннен кейін, тағы 2-ші рет ұйымдастырдық.Барлығы біздің жастарымыздың қолында. Сондықтан осындай іс-шаралардың көбірек болғаны өте жақсы. Мұндай іс-шараларда өзара тәжірибе алмасы, мықты мықты спикерлермен танысып, мотвация алады.
Берері мол іс-шараға өңірдің барлық ауданынан келген 100-ден астам жас мұғалім қатысты. Солардың бірі - Мария Мелехова. Жас маман 2 айдан бері Қызылжар Абай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Өзге ұлт өкілі болса да балаларға қазақ тілінде сабақ береді.
МАРИЯ МЕЛЕХОВА, ҚЫЗЫЛЖАР АБАЙ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:
- Жұмыс істеп жатқаныма 2 ай болды. Еш өкінбеймін. Оқушылар да өте жақсы. сабақ берген ұнайды. Сабақтарда әртүрлі жаңа технологияларды қолданамыз. Ойын тапсырмаларын жүргіземіз. Оқушыларға өте қызықты. Белсене қатысып, жарыса жауап береді.
Айта кетейік, жыл сайын өңір мектептері 400-ге жуық жас ұстазбен толығады. Бүгінде мұғалімдердің 15 пайыздан астамы «жас маман» санатына кіреді екен.