Ақынның ақыны – Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасып жатыр. Ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылған соң, оқушылар сарайында өңір жетекшісі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен «Мағжан Жұмабай – Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Оған Мағжанды зерттеп, өлеңдерін өзге тілге аударған шет мемлекеттердің өкілдері, қазақ зиялылары қатысып, тың деректерімен бөлісті. Әріптесім Майгүл Сейілбектің бейнематериалында.


 Конференция ақынның кітаптары мен жинақтарынан құрылған арнайы көрмемен ашылды. Алыс-жақыннан келгендерге қолжазбалары таныстырылды.


 Ғылыми-теориялық конференцияға Түркия,Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және тағы да басқа мемлекеттермен қоса еліміздің басқа да өңірлерінен ғалымдар қатысып, ақынның өмір жолы мен шығармалары жайлы баяндама жасады. Меймандарды дүбірлі тоймен облыс әкімі Айдарбек Сапаров та құттықтады.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаев өңірге жұмыс сапары кезінде Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізу елге ой салатын тағылымы мол нақты шаралар ұйымдастыру қажеттігін айтқан болатын. Биылғы жыл облысымызда Мағжан жылы деп жарияланды. Кемеңгер ақынның 130 жылдығы мерейтойына орай сан алуан мәдени шаралар өтуде. Ұлы ақынның баға жетпес шығармашылығы мен мұрасын насихаттау ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге, өскелең ұрақ бойына дарытуға бағытталып отыр.


Түркияның астанасы Анкара қаласында орналасқан Хаджи Байрам Вели университетінің оқытушысы Хулия Касапоғлы Ченчел 2018-ші жылы СҚ-да Мағжанның 125 жылдығына орай ұйымдастырылған бірқатар іс-шараға қатысқан. Профессордың сөзіне қарағанда сөз зергері Мағжанның мерейтойын күллі түркі тілдес мемлекеттер тойлап жатыр. Себебі, ақынның шығармалары адамды рухтандырып, жігерлендіреді. Филология ғылымдарының докторы Мағжанды бірқатар түрік ақын, жазушыларымен салыстырып, жырларын теңестіріп, зерттеп жүр. Жақын уақытта ғалымның осы тақырыпта кітабы жарық көрмек.


ХУЛИЯ КАСАПОҒЛЫ ЧЕНЧЕЛ, ТҮРКИЯНЫҢ ХАДЖИ БАЙРАМ ВЕЛИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- 30 жылдан бері, Тәуелсіздік алғаннан бері Мағжан бүкіл түркия әлеміне ортақ ардақты тұлға, ақын. Мағжан Түркияның түркология, әдебиет кафедраларында оқытылады, диссертациялар жазылады, Мағжанды оқытамыз лекцияларда. Себебі Мағжанның өлеңдерінде ұұлттық кодтар бар. Соны өндіру керек. Жастарды бойына сіңіру керек. Қазақ және түрік тілдеріінң қандай жақын екенін көреміз.


 Халқының азаттыққа қол жеткізуін аңсаған Мағжан Жұмабаев басына түскен ауыртпашылықтарға қарсы тұра білді, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Мағжан - қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы, жыр алыбы. Кеңес өкіметі оның есімін қазақ тарихынан жазықсыз сызып тастап, жауһар жырларын жоққа шығармақ болды. Ал бүгінгі күні ақынның өлеңдері әлемнің 11 тіліне аударылып, үлкен жинақ болып жарық көрді. Небәрі 44 жыл ғұмыр кешкен Мағжан Жұмабаев өзі өмірден өтсе де, артына өлмес мұрасын қалдырды.


Майгүл Сейілбек