Маусым бойы көрермен көңілін тербеген әуезді әуен Ақан Сері атындағы облыстық филармония сахнасында қайта қалықтады. Өнерпаздар шығармашылық жылды қорытындылап, концерт берді. Ал, өнер сүйер қауым кештен ерекше әсер алып, керемет көңіл күйге бөленді. 

Көптеген қонақтар үшін бұл өнер ордасына келу игі дәстүрге айналған, ал кейбір көрермен филармония табалдырығын алғаш рет аттап отыр.

Ауқымды іс-шараның дайындығы мен маусым қорытындысы туралы Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжанов айтып берді.

СНХ: БІРЖАН ЕСЖАНОВ – АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ

Облыстық филармонияның құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Іргетасы 1965 жылы қаланған. Бұл мәдениет ордасы – өңірдің рухани өмірінің басты орталықтарының бірі. Мұндағы музыканттарды, вокалистер мен бишілерді облыс көлемінде ғана емес, республикадан тыс жерлерде де жақсы таниды және ерекше құрметтейді.

Салтанатты кеш көрермендердің ұзаққа созылған ыстық қолшеметімен аяқталды. Қонақтар үшін бұл кеш сүйікті әртістерімен қайта қауышудың тамаша мүмкіндігі болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, филармонияның жаңа маусымы да бұдан кем түспейтін, өте жарқын әрі қызықты оқиғаларға толы болмақ.