Солтүстік Қазақстан облысына Қытай Халық Республикасынан инвесторлар келді. Басты мақсат - өзара ынтымақтастықты дамытып, сауда-саттық қарым-қатынас орнату. Жиын барысында ауыл шаруашылығы, ауыр машина жасау және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Делегация бірнеше күн кәсіпорындарды аралап, өңірдің әлеуетімен танысады.


 Солтүстік Қазақстан – тоғыз жолдың торабында орналасқан, бұл сауда-саттықты дамытуға да өз үлесін тигізеді. Еуропа мен Қиыр Шығысқа негізгі жүк тасымалының 70 пайызы Солтүстік Қазақстан арқылы өтеді.Және ел бойынша біздің өңір астықты мекен екені де көпке мәлім. Облыста 7 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері бар. Еліміздегі майлы және дәнді дақылдардың төрттен бірін өңір диқандары өсіреді.


ДАРХАН ӘМІРИН, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  «Біздің міндетіміз - ауыл шаруашылығын дамыту. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай еліне экспортау басым бағыттардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда аспан асты еліне өз тауарын экспорттайтын кәсіпорындар белсенді жұмыс істеуде.


 Қазақстан-Қытай арасындағы ынтымақтастық жылдар бойы қалыптасқан. Екі тарап та әртүрлі бағыттар бойынша тиімді екіжақты достыққа мүдделі. Әсіресе, Қытай елінің тарапы өнеркәсіп саласына қызығушылық танытып отыр.


ЛЮ БАО ПИН, «BEIJING SHI ZHI HONGYUAN TECHNOLOGY» CO БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл біздің осы облыстағы екінші күніміз. Кеше өңірдегі кәсіпорындарға бардық. Олардың даму қарқынын көріп қайттық. Ризамыз. Әрі қарай ынтымақтастығымыз нығая түсетініне сенімім мол.


Кездесу соңында қос тарап өзара ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойды.