Республикалық кітап фестивалі
Петропавлда «Кітап оқитын ұлт» және «СҚО – кітап оқитын өңір» жобалары аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының скверінде «Kitap Time – кітап халыққа жол тартады» атты ауқымды республикалық фестиваль ұйымдастырылды. Оған кітапсүйер қауым, ақын-жазушылар, қоғам белсенділері, мәдениет саласының мамандары мен түрлі жастағы оқырмандар жиналды.
Фестивальдің негізгі алаңы – «Кітап қаласы». Мұнда 11 тақырыптық алаң мен қазақ әдебиетінің классиктеріне арналған 6 әдеби аймақ та ұйымдастырылған. Бағдарламада «Ашық микрофон» айдары, өңірдің шығармашыл тұлғаларымен кездесу және жаңа кітаптармен танысу қарастырылған. Бұдан бөлек, қонақтар түрлі байқаулар мен викториналарға қатысып, фото аймақтарда суретке түсіп, Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістерінің өнерін тамашалады.
СНХ: КЕМЕЛ ОСПАНОВ - «Қоғамдық келісім» КММ ЖЕТЕКШІСІ
Фестивальге облыстық кітапхана өкілдерімен қатар, өңірдің әр ауданынан келген кітапхана қызметкерлері де қатысты. Солтүстік Қазақстандағы бірқатар ауданға әдебиет қайраткерлерінің есімі берілген. Осы жолы фестиваль елге танымал қаламгерлердің шығармашылық мұрасын тағы бір мәрте танытуға мүмкіндік берді. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі ақын әрі жазушының шығармашылығына арналған кітап көрмесін әкеліп, әдеби орындық ұйымдастырды.
СНХ: МАРАЛ ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИҚЫЗЫ — АҚЫН, ҚР ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Айта кетейік, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана еліміздегі үздік кітапхана мәртебесіне ие. Қазір мұнда 55 жоба жүзеге асырылып, 11 клуб жұмыс істейді. Сонымен қатар ағылшын, француз және итальян тілдері бойынша курстар, робототехника үйірмелері ұйымдастырылған. Кітапхана қоры 750 мыңға жуық дананы құрайды. Жыл басынан бері мұнда миллионнан астам оқырман келген.