Өңірдің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мектеп формаларының үлгілерін ұсынды. Нарықта өз тұтынушыларын тауып үлгерген тігіншілер бұл жолы да ата-аналарға сапалы мектеп формаларын алып келген.


Жәрмеңкені облыстық білім басқармасы мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұйымдастырған. 23 жылдан бері нарықта жүрген «Sens Fashion» сауда-өндірістік кәсіпорны мектеп формасымен қоса, мұғалімдерге арналған киім үлгілерін де көрсетті.


ЕЛЕНА КИРЬЯКОВА, «SENS FASHION» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- 2015 жылдан бастап біз мектеп формасын тігумен айналысамыз. Қала мектептерінің басым бөлігіне қызмет көрсетеміз. Біздің аймақтан өзге Астана, Көкшетау және Қостанай облыстарында да жұмыс істейміз. Мектеп формалары көк, қызыл және жасыл түстерде тігіледі. Сапалы әрі қолайлы бағада. Оған қоса, спорттық киім үлгілерін де ұсынып отырмыз.


Жәрмеңкеге келген ата-аналар мектеп формаларының бағаларына назар аударды. Себебі бірнеше оқушыны мектепке дайындайтын отбасылар үшін форма бағасының төмен болуы маңызды.


БАҚЫТЖАН РАХИМОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Көрме туралы көршім қоңырау шалып айтты. Өзіміздің жергілікті өнім болған соң келдік. Сапасы жақсы болғанымен, бағасы қымбатырақ. Былай сапасы өте жақсы, дегенмен әр адамның қымбат киім алуға мүмкіндігі келе бермейді.


 Жәрмеңке 2 күнге созылады. Алдағы уақытта тігін цехтары жаз бойы сауда орындарында өз өнімдерін ұсынатын болады.


Жайна Шерниязова