Кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа мүмкіндіктері
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевпен кездесті. Тараптар шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру және аудандарда бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
2026 жылы бірыңғай кешенді бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 2,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша тағы 1,3 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын 23 жоба мақұлданды. Жалпы, «Даму» қорымен ынтымақтастық кезеңінде өңірде 8,5 мың жоба қолдау тауып, олардың несие портфелі 761 млрд теңгеден асты. Кездесуде ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Қордың мобильді фронт-офисі облыстың барлық ауданын қамтып, қазір ауылдық елді мекендерде жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша кеңес беріп, жобаларын сүйемелдеуге бағытталған бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығының пилоттық жобасы іске асырылуда.