Ұрпақтар сабақтастығы: СҚО ПД бастығы ардагерлермен кездесті
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров полиция және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің, сондай-ақ ведомствоның тәлімгерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті.
Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Қапез Дәулетбаев тәжірибелі қызметкерлердің жас полицейлердің мамандық талаптарына бейімделуіне қалай көмектесетіні туралы айтып берді. Ардагерлер кеңесінің жұмысын оның төрағасы Ақан Сыздықов таныстырды.
Ақан Сыздықов — СҚО ПД және ҚР Ұлттық ұланы ардагерлері кеңесінің төрағасы
Еңбек демалысына шыққан тәжірибелі полицейлер өздері қызмет атқарған ведомствоның қоғамдық өміріне белсенді араласып, кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын жас буынға үйретіп келеді. Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – «Жас сақшы» сыныптарының оқушыларымен кездесулер өткізу. Тәжірибелі офицерлердің өмірлік және қызметтік жолы жастардың болашақ мамандығымен танысуының маңызды бөлігіне айналуда.
Руслан Назаров — СҚО ПД бастығы
Ардагерлер атынан тергеу қызметінің аңызына айналған ақсақал Хайдар Қашенов сөз сөйледі. Ол кәсіби маманды қалыптастыру көп күш пен уақытты қажет ететінін, бұл ретте аға буын әріптестердің қолдауының маңызы зор екенін атап өтті.
Хайдар Қашенов — ҚР ІІМ құрметті ардагері
СҚО ПД бастығы Руслан Назаров ардагерлерге көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдірді. Кездесудің әсерлі сәттерінің бірі – футбол жарысында жеңіске жеткен СҚО ПД ардагерлер құрамасын марапаттау болды. Ал Петропавлда ем алып жатқан ішкі істер органдарының ардагері Оралбек Икамбаевқа ерекше тосынсый жасалды. Оған Қостанай облысы полиция департаменті арқылы ҚР ІІМ-нің көп жылғы және адал қызметі үшін берілген грамотасы табысталды.
Ұрпақтар сабақтастығын сақтау – жеке құраммен жұмыстың маңызды бөлігі. Ардагерлер қызметті жауапкершілікпен атқарып, Заң мен тәртіпке адал болуды басты құндылық санайтын жаңа буын қызметкерлерінің қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді.