Айыртау ауданында егін жинау науқаны қарқын алды
Айыртау ауданының диқандары үшін қазір аса жауапты кезең. Егін жинау науқаны қарқын алды. Шаруашылықтардың бірінде биыл егіс алқабы 17 мың гектарға дейін ұлғайды. Мұнда бірден бес дақыл түрі өсіріледі. Сонымен қатар ауданда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да дамып келеді.
Айыртау ауданындағы «Ясмина Агро» серіктестігінде күзгі орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Антоновка ауылында орналасқан бұл шаруашылық биыл ауқымын кеңейтіп, егіс көлемін 17 мың гектарға жеткізді. Қазірдің өзінде алқаптың 60 пайызы жиналып үлгерді. Мұнда бидай, арпа, жасымық, рапс пен зығыр сияқты бес түрлі дақыл өсіріледі. Егіннен бөлек, мал шаруашылығы да қатар дамып келеді. Бүгінде серіктестікте қазақтың ақбас тұқымды 400-ден астам ірі қарасы бағылуда. Осы екі бағытты қатар дөңгелетіп отырған үлкен ұжымда 54 адам еңбек етеді. Ал шаруашылықтың тізгінін ұстаған Владимир Урбанов үшін бұл — өмірінің басты ісі. Ол ауыл шаруашылығы саласында 1987 жылдан бері еңбек етіп келеді.
СНХР: ВЛАДИМИР УРБАНОВ, БАСҚАРУШЫ
Күзгі науқан - тек қуатты техника мен ұлан-ғайыр алқап қана емес. Бұл - дала төсінде еңбегі еленген қарапайым жандардың қажырлы қайраты. Солардың бірі - тәжірибелі механизатор Пётр Черненко. Оның ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп келе жатқанына биыл тура 19 жыл болды. Осы уақыт ішінде ол талай маусымды сәтті артқа тастап, серіктестіктің ең сенімді әрі білікті маманына айналды.
СНХР: ПЁТР ЧЕРНЕНКО, МЕХАНИЗАТОР
Шаруашылық еңбеккерлері егін жинау науқанын алдағы екі-үш аптада толық аяқтауды жоспарлап отыр. Ең бастысы - ауа райы қолайлы болса болғаны. Қазір диқандар әрбір шуақты күнді барынша тиімді пайдалануға тырысуда. Мол өнімді қыр суығы түспей тұрып қамбаға құю үшін, алып техникалар дала төсінде күні-түні тынымсыз жұмыс істеп жатыр.