Былтыр көктемде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның күшіне енуімен қаңғыбас ит-мысыққа қатысты жаңа талаптар бекітілді. Енді мұндай жануарлар зарарсыздандырылуы қажет. Осыған орай облыста алғаш рет ветеринар мамандардың біліктілігін арттыру курсы ұйымдастырылды.


Біліктілікті арттыру курсы «ұсақ үй жануарларына ветеринариялық хирургиялық көмек көрсетудің заманауи әдістері» тақырыбында өтті. Оған өңірдің барлық ауданынан келген 27 мал дәрігері қатысты. Мамандарға 3 күн теориялық сабақпен қатар практикалық білім де берілді. Бұл курстың мақсаты – ветеринарларға ит пен мысықтарды зарарсыздандыру және кастрациялауды үйрету.


ОЛЖАС БОЛЫСБАЕВ , СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  2022 жылдың 2 наурызында ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңы күшіне енді. Енді қаңғыбас жануарлар зарарсыздандырылады. Облысымыздың ветеринар мамандарын жаңашылдықпен таныстыру мақсатында осы курсты ұйымдастырдық. Алдағы уақытта тағы да өткізіп, барлық ветеринарларды қамту жоспарымызда бар.


Курсқа қатысушыларға алдымен теориялық білім беріліп, кейінен оны бекіту үшін практикалық сабақ өткізілді. Олар Петропавлдағы «Ветлекар» ветеринарлық клиникасында иттерді кастрациялау жұмыстарына қатысты. Бұл клиникада айына 80-ге жуық ұсақ үй жануарына ота жасалады.


 КСЕНИЯ ШЕВЕЛЕВА, «ВЕТЛЕКАР» ВЕТЕРИНАРИЯ КЛИНИКАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Практикалық сабақта курс қатысушыларына иттерді зарарсыздандыру бойынша шеберлік сағаты көрсетілді. Бұл ота барысында жануарларға міндетті түрде наркоз қойылып, аналық безі мен жатыр түтіктері алынып тасталады. Ота ұзақтығы 20-30 минут. Зарарсыздандыру жұмыстары қаңғыбас жануарлардың санын көбейтпеу мақсатында жасалады.


Біліктілікті арттыру курсына қатысушылардың бірі – Сәрсенбай Түкенов. Ол бүгінде Есіл ауданындағы ветеринария станциясында мал дәрігері боп еңбек етеді. Бұл салада 1986 жылдан бері қызмет етіп келеді екен. «Өз тәжірибемде көптеген жануарларды емдедім, бірақ бүгінгі заманауи зарарсыздандыру отасына алғаш рет қатысып отырмын»,- дейді ол.


СӘРСЕНБАЙ ТҮКЕНОВ, ЕСІЛ АУДАНЫ ВЕТЕРИНАРИЯ СТАНЦИЯСЫНЫҢ МАЛ ДӘРІГЕРІ:

- Осы курсқа келгеніме еш өкінбеймін. Білікті мамандар теориялық білім берді. Сондай-ақ, практикалық сабақтар да қызықты өтуде. Аудан дәрігерлері үшін заманауи әдістер таныстырылып, көптеген жаңашылдықты біліп жатырмыз. Уақыт бір орнында тұрмайды. Сол себепті әрқашан білім алып, біліктілікті арттырып отыру керек.


3 күнге созылған біліктілікті арттыру курстарынан өткен мамандарға арнайы сертификаттар табысталды. Алдағы уақытта олар уақытша ұстау пунктерінде қаңғыбас жануарларды зарарсыздандыру жұмыстарына қатысатын болады.