Былтыр облыста ана өлімі тіркелмеген. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтты. Алайда, өңірде бала туу көрсеткіші төмендеген. Былтыр 5848 нәресте дүниеге есігін ашқан.


Облыстың бас дәрігерінің айтуына қарағанда, нәресте өлімі 1,1 пайызға азайған. Былтыр уақытылы емделмеудің және патологиялық аурулардың дамуынан 11 нәресте үйде көз жұмған. Ал 2 бала ауруханада ауыр халде жатып қайтыс болған. Сол себепті, мамандар баланың денсаулығына бейжай қарамауға кеңес береді. Құмар Күсемісов өңірде әлі де онкологиямен ауырғандардың саны азаймай тұрғанын айты. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы мәселесі шешілмей тұр. Қазір облысқа 157 дәрігер мен 79 медицина қызметкері жетіспейді.


ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Облыста медицина мамандарының тапшылығы әлі де шешілмей тұр. Мамандарды өзімізге шақыру мақсатында оларға берілетін көтермеақы мөлшерін де арттырдық. Ауылға жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 2,5 млн, ал қалаға келгендерге 1,5 млн қаражат беріледі. Биыл еліміздегі медицина университеттеріне барып мамандарды жұмысқа шақырмақшымыз.