Ақиық ақын М.Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай облыста алғаш рет мұғалімдер арасында «Мағжан оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Білім сайысында өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 22 ұстаз бақ сынауда. Қатысушыларға қойылған басты талап, ақынның шығармашылығын жан-жақты зерттеу.


 Байқау биылғы атаулы датаға орай ұйымдастырылған. Сайыс 3 номинация бойынша өткізіледі. Біріншісі - Мағжан өлеңдеріне филологиялық талдау. Екіншісі - Мағжанның тұлғалық болмысы мен өмірін тарихи контексте зерттеу және соңғысы - Мағжан мұраларын педагогикалық тұрғыда зерттеу. Байқауға облыстың қазақ тілі мен әдебиет, тарих және география пәнінің мұғалімдері қатысып жатыр.


 ГҮЛДАРАЙ ҚАЙНЕТОВА, «ҚЫЗЫЛЖАР АБАЙ ОРТА МЕКТЕБІ» КҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біріншіден біз осы Мағжан поэзиясын филологиялық тұрғыдан яғни тіл жағынан, әдебиет жағынан , немесе теориясы жағынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері тереңірек зерттесе, деген мақсатпенен  байқауды биыл бірінші рет өткізейін деп тұрмыз. Мұғалімге қойлатын бірінші талап, зерттеудің дербестігі.


Байқауға қатысушылардың бірі – Перизат Молдағожина. Ол Қызылжар ауданындағы «Қызылжар-Абай» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол бүгінгі байқауда Мағжан өлеңдеріне филологиялық талдау номинациясы бойынша бағын сынауда .Зерттеу мақаласының тақырыбы: «Сылдырап өңкей келісім. Мағжан өлеңдеріне көркемдік талдау».


ПЕРИЗАТ МОЛДАҒОЖИНА, ҚАТЫСУШЫ:

- Зерттеу мақаламның мақсаты мен өзектілігі туралы айтатын болсам қазіргі кезде Мағжан шығармашылығына әдеби тілде, қазақ жастарының арасында сөлеу, көркем әдеби сөйлеу азайып келе жатыр. Яғни, қазақ тіліндегі көркем әдеби шығармалардың мағынасын жастар жетік түсіне алмай жүр. Осындай мәселе туындағандықтан мен осы көркем сөз шебері Мағжан шығармаларына көркемдік талдау жасай отырып, шығармаларының мағынасын ,мәнін жастарға жеткізуді мақсат еттім.


Айта кетейік, білім сайысында өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 22 ұстаз бақ сынауда. Байқау нәтижесі бойынша жеңіске жеткен ұстаздар арнайы грамоталармен марапатталатын болады.