6 жыл 8 айға сотталған солтүстікқазақстандық Бейбіт Молдашев бір жылдан кейін апелляциялық соттың үкімімен бостандыққа шықты. Естеріңізге сала кетсек, Молдашев 2017 жылдың басында «Жарқын СК» ЖШС және басқа да бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының барлық қаржы-шаруашылық қызметтерін басқарған болатын. Ол ауыл тұрғындарының жер үлесін жалған құжат жасау арқылы банкке кепілге берген. Осылайша 600 млн теңгені несиеге алып, қалтасына басқан. Петропавл қалалық сотының үкімі бойынша аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін ол 2022 жылы сотталған болатын.


 Бастапқыда іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы-алаяқтық бойынша қаралып, кейін қайта қаралып 219 бапқа ауыстырылған. Яғни ұйым басшысының өзге кредиторға немесе банкке несие алу үшін жалған мәлімет беруі. Себебі несие алғаннан кейін бірнеше жыл бойы өзі басқаратын түрлі компаниялар арқылы қарызды жартылай қайтарған. Сондықтан апелляциялық соттың шешімімен бұл істі алаяқтық деп қарау мүмкін емес.


ЕРБАР ҚАЛИЕВ, СУДЬЯ:

- «Бұл несиені өтеуге кеткен жалпы сома 606 млн теңгені құрайды, яғни қаржы несие сомасынан асып түседі. Шартты үлестері бар шаруаларға қатысты, иә, наразылықтар болды, өтініштер қаралды. Яғни жер үлестері қайтарылды.»


 Облыстық прокуратура үкімнің өзгеруімен келіспейді және бірінші үкімді күшінде қалдыру үшін кассациялық шағым түсірмек.