Негізгі Жаңалықтар Петропавлда донат өндіретін зауыт іске қосылды

Петропавлда донат өндіретін зауыт іске қосылды

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа өнеркәсіп орны пайда болды. «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында ұзақ сақталатын донаттар шығаратын зауыттың бірінші кезегі іске қосылды. Өнім бірден бірнеше нарыққа жөнелтіледі деп жоспарланып отыр. Негізгі көлемі Ресей өңірлеріне, атап айтқанда Батыс және Шығыс Сібірге, сондай-ақ Қиыр Шығысқа жіберіледі. Өнімнің бір бөлігі Қазақстанда да сатылады. 

Бұл жобаны Ресейдің «Хлебпром» кондитерлік компаниясына кіретін «Бейкертон» кәсіпорны қолға алды. Олар бұрыннан бері донат пісірумен айналысады.Алғашқы автоматты желісін 2019 жылы Мәскеу облысындағы Ногинск қаласында іске қосқан болатын. Кейін сұраныс артып, өндіріс ауқымын ұлғайтты. Алайда алдында жаңа міндет тұрды: өнімді Батыс пен Шығыс Сібірге, сондай-ақ Қиыр Шығысқа тұрақты түрде жеткізу керек еді. Мәскеу түбінен бұл өңірлерге тауар тасымалдау қымбатқа түсетіндіктен, компания алыс жолдың шығынын азайтып, жаңа нарықтарға жақынырақ орналасатын орын іздеді. Нәтижесінде таңдау Солтүстік Қазақстанға түсті. Өйткені бұл жер Ресейдің көршілес өңірлерімен тікелей теміржол арқылы байланысқан. 

СНХ: ЯРОСЛАВ ШАДЫРЯ, «ХЛЕБПРОМ» КОМПАНИИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

Бұл жерді таңдауда инфрақұрылымның қолжетімділігі де маңызды рөл атқарды. Мемлекеттік қолдау аясында инвесторларға қажетті коммуникациялар тегін тартылып беріледі, бұл шығынды едәуір азайтады. Энергия көздерінің құнын есептей келе, компания жобаның тиімділігіне көз жеткізді. Идеядан бастап іске қосылғанға дейін шамамен төрт жыл өтті. Оның екі жылы құрылысқа кетті. Ендігі мақсат — өнімді сатуды жолға қойып, біртіндеп толық қуатқа шығу.

СНХ: ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бүгінде зауыттың бірінші кезегі іске қосылды. Оның қуаты — жылына 7,5 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Алдағы уақытта компания өндірісті одан әрі кеңейтіп, екінші кезекті де іске қосуды жоспарлап отыр. Әрбір желі айына 10 миллионға жуық донат шығаруға есептелген. Жаңа өндіріс орнында тек қалыпты форматтағы өнім ғана емес, шағын-донанаттар да шығарылмақ. Айта кетейік, компания бұл өнімді әлі Ресейдің өзінде де шығармаған болатын. Қазір кәсіпорын бір ауысымда жұмыс істеп, 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Алғашқы желі төрт ауысымды жұмыс режиміне көшкенде, қызметкерлер саны 200-ге жуықтайды. Ал екінші кезек толық іске қосылған соң, мұндағы жаңа жұмыс орындарының саны 400-ге жетеді деп күтілуде.

Бөлісу