Қызылжар ауданы Рассвет елді мекенінде орналасқан 305-ші сайлау учаскесіне 4 ауыл қарайды, олар: Рассвет, Семипалатное, Красногорка және Водопроводый. Бүгін сайлау сияқты маңызды науқаннан қалыс қалмау үшін елді мекен тұрғындары ертесінен учаскеге ағылды. Бұл жерде дауыс берушілерге арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, жәрмеңке мен көрме өтті.


 Нина Моложенко елді мекеннің байырғы тұрғыны. 90 жасқа келген тыл еңбеккері сайлауды қалдырған емес. Ол үшін бұл күн – мереке. Бүгін де бар жақсысын киіп, сайлау учаскесінің өкілдерін үйде қарсы алды.


Нина Павловна Солтүстік Қазақстанға Белорусь елінен 50 жылдардың басында келген екен. Жас агроном тың игеруге қатысты.


 НИНА МОЛОЖЕНКО, ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІ:

-  Халық бақытты, бейбітшілікте және бай-қуатты өмір сүруі керек. Ал жақсы тұрмыс құруы үшін еңбектенудің қажет екенін ұмытпаған жөн. Жаңадан сайланатын депутаттарға тілегім, олар халықтың, елдің игілігі үшін жұмыс істесе екен.


 Рассвет ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Гончарик сайлау учаскесіне әдеттегідей бірге барып дауыс берді. 77 жастағы Николай зейнет демалысына шықса да қолөнермен айналысады. Ағаштан түйін түйген еңбеккер саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, мектепте ұстаз болып еңбек етті.


НИКОЛАЙ ГОНЧАРИК, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:

- Зейнеткер ретінде айтарым, ауыл шаруашылығында, құрылыста, басқа да өнеркәсіп орындарында еңбек еткендер қазір ең төменгі зейнетақы алып отыр. Бұл дұрыс емес, қайта қараса екен, ең болмағанда басқаларымен теңестірсе екен деген тілек бар. Сондай-ақ, бұрынғы ұстаз ретінде айтарым, қазір білім саласына үлкен қаражат бөлініп жатыр. Неліктен балаларды тегін тамақтандырмасқа?


Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекендерде мәселе жеткілікті. Ол – мамандардың жеткіліксіздігі. Салдарынан фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істемейді. Дәріхананың жоқтығынан ауылдықтар қосымша шығынданып, аудан орталығына баруға мәжбүр. Бүгін олар осы мәселелерді шешеді деген үмітпен өз таңдауларын жасап, дауыс берді.