Н. Погодин атындағы театр 140-шы мерейтойлық маусымын ашты
Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры 140-шы маусымын ашты. Мерейтойға орай ұйымдастырылған кешке театрдың ардагерлері мен өнер ұжымының бірнеше буын өкілі жиналды. Салтанатты іс-шарада сахна саңлақтары ұлықталып, театр қызметкерлері марапатталды. Кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Мерейтойлы жаңа маусымда көрерменді тың қойылымдар мен шығармашылық жобалар күтіп тұр.
Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мерейтойлық маусымға қызу дайындалған. Мерекелік іс-шара бірнеше кезеңнен тұрды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Негізгі бөлім — салтанатты рәсімде сахнада театрдың тарихындағы айтулы кезеңдер еске алынып, ұжым мен өнер ордасына сан жылын арнаған ардагерлерге құрмет көрсетілді. Ардагерлермен қатар, жас буын да назардан тыс қалмады. Енді театрдың 140 жылдық тарихын жалғастыру — осы өскелең ұрпақтың еншісінде.
ТИМУР КАРИМЖАНОВ, Н. ПОГОДИН АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
Мерейтойлық маусым театрдың өткен тарихымен сабақтас. Қазір мұнда «Бақытты күн» спектаклі әзірленіп жатыр. Дәл осы қойылыммен 140 жыл бұрын Погодин театрының тарихы басталған. Мерекелік кеште театр әртістерімен қатар, облыстық филармония, қуыршақ театры, «Sensitive» би театры және өңірдің өзге де шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Кеш көрерменге театрдың өткенін еске салып, бүгінін танытып, болашақ бағдарының да бет-бейнесін көрсетті.
Театрдың алдағы жоспары ауқымды. Өнер ордасында «Достар клубы» ашылмақ. Мұнда спектакльдер талқыланып, дәрістер өткізіліп, театр өнері туралы әңгімелер өрбиді. Тағы бір жаңа бастама — театр блогерлерінің мектебі. Жас авторлар қойылымды заманауи тілмен таныстырып, театр жайлы контент жасауды үйренеді. Осылайша 140-шы маусым ауқымды бағдарламамен басталды.