Негізгі Жаңалықтар СҚО ПД бастығы полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесулерін жалғастыруда

СҚО ПД бастығы полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесулерін жалғастыруда

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров өңірдегі полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесулерін жалғастыруда. Бұған дейін ол қалалық және аудандық 14 полиция бөлімінің алтауында болды. Бұл жолы облыстық полиция басшысы Шал ақын және Тимирязев аудандарының полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен кездесті. 

Шал ақын ауданында полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесу өтіп, онда қызметтің негізгі міндеттері талқыланды. Іс-шараға аудан әкімі Қайрат Омаров қатысты. Қазіргі уақытта аудан белсенді дамып келеді: ауылдар абаттандырылып, жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтеруде. Осыған байланысты жаңа тұрғын үй алаптары мен әлеуметтік нысандар маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта полиция қызметкерлері басқа да мемлекеттік органдармен тығыз іс-қимыл жасауда. Облыстық полиция департаментінің бастығы автопаркті, шаруашылық бөлімінің жұмысын және салынып жатқан жедел басқару орталығын жаңғырту барысын да тексерді. Жеке құрамға қызметтік тәртіпті қатаң сақтау міндеті қойылды.

Тимирязев ауданында полицияның үлкен аумақта жұмыс істеуге дайындығына баса мән берілді. Аудан орталығы Петропавлдан 230 шақырымнан астам жерде орналасқан. Мұнда шамамен 10 мың адам тұрады. Аудан әкімі Ерлан Жаровпен бірге департамент бастығы полиция бөлімінің жарақтандырылуымен және жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Қызметкерлермен Ішкі істер министрлігі басшылығы айқындаған міндеттер, соның ішінде жеке құрамды толықтыру және бос лауазымдарды жасақтау мәселелері талқыланды. Кәсібилік, тәртіп және азаматтарға деген қарым-қатынас мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бөлім ардагерлері тәжірибелерімен бөлісіп, қызметкерлерге ақжолтай тілектерін жеткізді. Аудан әкімі полицияға қосымша қызметтік автокөлік табыстады.

Ерлан Жаров – Тимирязев ауданының әкімі

Солтүстік Қазақстан облысында сегіз айда тіркелген құқық бұзушылықтар саны 17,5%-ға төмендеп, 1432 деректі құрады. Ашылу көрсеткіші 61%-дан 66,6%-ға өсті. Жол-көлік оқиғаларының саны 5,5%-ға азайып, 342 жағдайды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 362 болған. Полицияның басты міндеті – қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтып, өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы жұмыстың аясында Руслан Назаров аудандық полиция бөлімдерін тексеріп жүр. Аралау жалғасуда.      

Бөлісу