Облыс полицейлері 50-ден астам елікті заңсыз атты деген күдікпен Петропавлдың үш тұрғынын ұстады. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері келіп түскен ақпаратпен "Челябі — Новосібір" тас жолында 28 жастағы жігіттің басқаруындағы "ВАЗ – 2115" автокөлігін тоқтатты. Салонда 29 және 30 жастағы тағы екі Петропавл тұрғындары болған. Автокөліктің жүксалғышын қарау кезінде 4 Сібір елігінің еті, сондай-ақ "ТОЗ" маркалы екі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық, 2 патрон, гильза және басқа да аңшылық құрал-жабдықтар табылып, тәркіленді.


Руслан Назаров - СҚО ПД бастығының орынбасары:

- Бұдан әрі іс — шараларды өткізу кезінде Петропавлдағы саяжай қоғамдарының біріндегі үйден мүшеленбеген 2 елік еті мен 41 еліктің терісі, 119 тұяқ, жануардың 12 басы тәркіленді. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі "Заңсыз аңшылық" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тәркіленген қару мен жануарлардың бас-сирағы сараптамаға жіберілді. Күдіктілер Петропавл қ. ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.