Бүгінде солтүстікқазақстандық спортшылардың халықаралық додалардағы нәтижелері көңіл қуантады. Парабиатлоншылар Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Ербол Хамитов сынды спортшылар өңіріміздің мақтаныштары. Олар қазір Швецияның Астерсунд қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында бақ сынауда. Парашаңғышыларды сайысқа «Үміт» клубының жаттықтырушылар штабында еңбек етіп жүрген Аслан Тоқпаев дайындаған.


Аслан Тоқпаев 2017 жылы кәсіби мансабын аяқтағаннан кейін «Үміт» спорт клубына жұмысқа орналасады. Сол уақыттан Ербол Хамитов, Александр Герлиц сынды спортшыларды жаттықтыруды бастайды. Бапкердің айтуынша, Ербол Хамитов бұл спорт түріне ауыр жарақат алғаннан кейін келген. Небәрі 2 жыл ішінде ұлттық құрама сапына ілігіп, ал араға тағы 3 жыл салып әлем чемпионы атанып отыр.


АСЛАН ТОҚПАЕВ , Е.ХАМИТОВТЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

-  «Ербол өте мінезді жігіт. Бұған дейін күреспен айналысқан. Ал 2018 жылдан бері бізде жаттығады. Аз ғана уақыттың ішінде үлкен жетістікке жетіп отыр. Ауыр жарақат алса да, сынған жоқ. Кейде күресте алған тәжірибесі оған көмектеседі.Шаңғымен төмен қарай құлдилаған сәтте тепе теңдік сақтай отыра бір жаққа бүгіліп бөгеттерді жылдам өтеді. Қарап тұрған адамға динамикалық тұрғыдан өте әдемі көрінеді.»


Аслан Тоқпаев та спортшы ретінде биік белесті бағындырды. Ол 2011 жылғы Азиада ойындарының жеңімпазы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бүгінде «Үміт» спорт клубында жас спортшыларды даярлаумен айналысады. Бапкердің сөзінше өңірде аталған спорт түрімен айналысуға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Нәтиже де жоқ емес. Биотлоннан ұлттық құрама сапында 9, ал парабиотлоннан 4 солтүстікқазақстандықтың өнер көрсетуі сөзімізге дәлел.


 АСЛАН ТОҚПАЕВ , Е.ХАМИТОВТЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

-  «Әлем чемпионатына дайындық өте сәтті өтті. Біздің облыста шаңғышыларға жақсы жағдай жасалған. Шаңғы базасы мен шаңғы трассасы бар. Жалпы барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгенбіз. Сонымен қатар біздің барлық спортшылар облыс әкімінің стипендиясын алады.»


Спортшылармен әлем чемпионатына бапкерлік құрамнан тек Антон Жданович аттанды. Дегенмен Аслан Швециядағы спортшылармен тұрақты түрде байланысып, ақыл кеңесін айтып тұрады. Жеңіс болған жерде жеңіліс те қатар жүреді. Мәселен Александр Герлицтің осы әлем чемпионатында жолы болар емес.


 АСЛАН ТОҚПАЕВ , Е.ХАМИТОВТЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

-  «Александр Герлиц жартылай финалдан өте алмады. Спринт өте қиын қашықтық. Саша бірнеше тактикалық қателік жіберді. Ал кей сәттерде жолы болмады десе де болады. Бірақ бұл спорт. Мен оны өте жақсы білемін. Бұл тек қана оны шыңдай түсетініне сенімдімін. Чемпионат әлі мәреге жеткен жоқ. Яғни, оның жүлделі орындарға таласатын мүмкіндігі бар деген сөз.»


 Швецияның Астерсунд қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионаты 29 қаңтарға дейін жалғасады.



Әміре Ақбатай