Былтыр облыста 242 есірткі қылмысы анықталған. Оның 18-і аса ірі көлемдегі есірткі заттарын сақтау болса, 90-ы сату дерегі.Бұл туралы полиция департаменті мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.


 Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірде 499 нашақор есепте тұр. Олардың біреу кәмелет жасқа толмаған.Былтыр өңірде 139 адам есірткі саудасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 8-і шетел азаматы. 2022 жылы синтетикалық есірткіні Алматыдан Петропавлға және Астанадан Петропавлға жеткізіп жүргендердің қылмысы ашылып, бір есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды.


ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- Былтыр 425 кг есірткі заңсыз айналымнан алынды. Оның 3кг 428 грамм синтетикалық есірткі. Өткен жылдың 4 мамырында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шараларды жүргізу барысында «спайс» синтетикалық есірткі затын тарататын интернет-дүкеннің әкімшісі болған 22 жастағы жігітті ұстады. Ол облыс орталығының аумағында психотроптық затты заңсыз дайындаудың нұсқаулығын өз бетінше меңгеріп, есірткінің астыртын зертханасын ұйымдастырған. Қазіргі уақытта жас жігіт сотталып, жазасын түрмеде өтеп жатыр.


 ПД мәліметінше, 2022 жылы 242 есірткі қылмысы анықталған. Оның 18 аса ірі көлемдегі есірткі заттарын сақтау болса,12-сі контрабанда , ал 90-ны сатуға қатысты. Мамандардың сөзінше, есірткі сату фактісі бойынша берілетін жаза қатаңдатылған. Енді нашақорларды бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейін ұзартылған.


ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- 2020 жылдың қаңтарынан бастап есірткіні жарнамалау және насихаттауға қатысты жаңа бап күшіне енді. Бұрын айыппұл қарастырылған болса, енді бұл қылмыстық жауапкершілікті көздейді, есірткі жарнамалаушы 3-6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қазіргі уақытта есірткі туралы жарнамаларды ғаламтор парақшаларынан көп кездестіреміз. Бұл бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы Цифрлық даму министрлігіне есірткі контенті бар 193сайттың сілтемесі жіберілді.


ПД мамандары облыс аумағында «Рефлекс», «Веб», «Дәрмек», «Транзит», «Қарасора» кең ауқымды, жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізген. Іс-шараның мақсаты - құқық бұзушылықтарды анықтау. Былтыр мамандар есірТкіге қарсы 604 профилактикалық іс-шара өткізіп, 55 мыңнан астам адамды қамтыды.



Жансая Қайыпова