Петропавлда полиция офицерлеріне арналған оқу-әдістемелік жиындардың бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. Кадр саясаты бойынша 114 орынбасар біліктілікті арттыру туралы сертификат алды.


 Еліміздің түкпір-түкпірінен келген полиция басқармалары мен бөлімдері бастықтарының кадр саясаты жөніндегі орынбасарлары үшін осы апта ерекше өтті. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен Ұлттық ұланНЫҢ академиясында оларға кәсіби деңгейін арттыру бойынша оқыту курстары ұйымдастырылды. Басшы құрамның офицерлері жігіттік шақта өткерген әскери өмірге бір сәтке оралды. Казармада тұрып, сарбаздық өмірдің қатаң тәртібін, саптық дайындығын және асханасын есКЕ түсірді. Академияның мәжіліс залында оларға ІІМ оқу орындарының үздік оқытушылары сабақтар өткізді.


Мәдина Балғашоқова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының СҚО бойынша филиалының лекторы:

- Кадр қызметкерлері жас мамандарды қызметке қабылдайды. Оларға қызметтің қыр-сырын, БАҚ-пен, қоғаммен, блогерлермен жұмыс істеуді үйретеді. Бұл өте маңызды. Жеке құрамның дайындығы осы қазіргі кадр жұмысы бойынша орынбасарлардың дайындығына тікелей байланысты


 Оқу-жаттығу жиындарының басынан курс тыңдаушылары күйзеліске төзімділік, көшбасшылық қасиеттерінің деңгейін тексеру үшін психологиялық тестілеуден өтті. Сабақтарда кадр саласын цифрландыру, ІІМ оқу орындарында кадрлар даярлаудағы жаңашылдықтар, жеке құраммен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының педагогикалық негіздері, қызметте полиция қызметкерлері кездесетін психологиялық проблемаларды шешу жолдары және басқа да өзекті тақырыптар қарастырылды. Сондай-ақ полиция офицерлері үшін үлкен мәдени бағдарлама әзірленді: академияның шығармашылық ұжымы ұйымдастырған тақырыптық кеш, СҚО Полиция департаментінің музейіне және Абылай ханның музей-кешеніне экскурсиялар ұйымдастырылды, «Қазбат» әскери-патриоттық көркем фильмі көрсетілді.


Марлен Мақсұт, Ұлытау облысы ПД Ұлытау аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Солтүстік Қазақстан жеріне бірінші келіп отырмын. Абылай хан музейінде болдық. Қазір Полиция департаментінің музейіндеміз. Өзімізге жоғары деңгейде білім алдық деп ойлаймыз. Болашақта осындай курстар тағы да өтеді деген сенімдеміз. Жақсы әсердеміз.


 «Ішкі істер органдарында кадрлық және тәрбие жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге арналған жиындар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін арттыру, полицияның сервистік моделін енгізу, сондай-ақ халықтың полицияға деген сенімін, кадрларды даярлау сапасын арттыру туралы тапсырмасын орындау аясында өткізілді», - дейді ҚР ІІМ кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Бейсеев.


 Ілияс Сағындықов, ҚР Ұлттық ұланы академиясы бастығының уақытша міндетін атқарушы:

- Курс мақсаттарының бірі – сіздерді оқытудан бөлек, үй-жайда бірге тұрып, топ болып жұмыс істеудің тәжірибесін үйрету. Осы арқылы сіздерге бөліністердің жұмысының күрделілігі мен тиімділігін көрсеткіміз келді. Белгілі бір жағдайда барлық тапсырмаларды орындай алуы үшін бөлімшеге практикалық дағдыларды үйретуге болатындығына көз жеткіздіңіздер.


Осындай жиындар еліміздің басқа өңірлерінен келетін полиция бөліністері бастықтарының кадр саясаты жөніндегі орынбасарлары үшін де өткізілмек.