Биыл кеден қызметкері жерлесіміз Қайсар Малғаждаровтың дүниеден өткеніне тура 10 жыл. Осыған орай Александр Винокуров атындағы спорт сарайында «Олимпиадалық үміттер» атты акция өтті. Жыл сайын Қайсар Малғаждаров атындағы қайырымдылық қоры осындай іс-шараларды өткізуді дәстүрге айналдырған. Бүгінгі шарада көп балалы отбасылардан шыққан балаларға ақшалай сертификаттар табыс етілді.


Қайсар Мағжанұлы 1969 жылдың 3-ші мамырында Аққайың ауданы Дайындық ауылында дүниеге келді. Ол 15 жылға жуық уақыт кеден саласында еңбек етті. Қысқа ғұмырында қамқор әке, адал жар атанып үлгерген марқұмды акцияға қатысушылар 1 минут үнсіздікпен еске алды.


 РУСЛАН ЕСЕНАЛИН, «ҚҰЛАГЕР» ХК ДИРЕКТОРЫ:

- «10 жыл бұрын біздің батырымыз Қайсар қайтыс болды. Жақсы кісі еді, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып жаны жәнатта болсын.»


 Естеріңізде болса, 2013 жылдың 29 қаңтарында жерлесіміз Қайсар Мағжанұлы ұшақ апатынан қаза тапты. Араға бір жыл салып, облысымызда Қайсар Малғаждаров атындағы жас спортшыларды қолдауға арналған қайырымдылық қоры ашылды. Бүгінде қорға Қайсар Мағжанұлының әпкесі Бақытжан Сәмиева жетекшілік етеді.Жыл сайын Бақытжан Мағжанқызы осы сынды акцияларды өткізіп келеді. Іс-шарадан марқұмның жора-жолдастары да сырт қалмайды.


БАҚЫТЖАН СӘМИЕВА, ҚАЙСАР МАЛҒАЖДАРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- «Бүгінгі шара Қайсардың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай өткізіп жатырмыз.20 балаға 30 мың теңгеден сертификаттар береміз. Көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға. Ол балалар 12-13 жастағы балалар спортпен айналысып жүрген балалар. Қайсар әрқашан да ойлайтын спортпен балалар айналысса үлкен азамат болады деп.»


 Іс-шара соңында Қайсар Малғаждаров атындағы жас спортшыларды қолдауға арналған қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында көңілді старт атты эстафеталық жарыс өтті.