Елімізде қарызға белшесінен батқандар саны көбеймесе, азаяр емес. Халықтың басым бөлігі несие алып, оны уақытылы төлей алмайды. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң осы санаттағы отандастарымыздың мүддесін қорғамақ. Бұл жайында әріптесім дайындаған бейнематериалда.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң 30 желтоқсанында қабылданды. Берешегі бар азаматтар 2023 жылдың наурызында банкроттыққа өтініш бере алады. Дегенмен оған барлық борышкер кірмейді.
ШОҚАН ӘЛМҰРЗИН, М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ БОЙЫНША МКД БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Заң рәсімдердің 3 түрін қарастырады-соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш процедураны тек борышкердің өзі бастайды, яғни несие берушінің борышкердің банкроттығын беруге құқығы жоқ.
Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешектер бойынша қолдануға болады. Аталмыш рәсімге ел азаматтары «электронды үкімет» веб-порталы арқылы өтінім бере алады. Ал екінші – сот банкроттығын бес жарым миллион теңгеден астам қарызы бар борышкерлер қолдануға құқылы.
ШОҚАН ӘЛМҰРЗИН, М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ БОЙЫНША МКД БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Азамат банкрот деп жарияланғаннан кейінгі салдары: 1) 5 жыл ішінде берешектер мен кредиттер алуға тыйым салу (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа); 2) қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады; 3) банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.
Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Банкроттық туралы заң қабылданғаннан соң 60 күн ішінде күшіне енеді. Яғни азаматтар наурыз айынан бастап өтінім бере алады.