Қаңтардың 3-нен 4-не қараған түні Екатеринбург-Алматы автожолының 780 шақырымында цистернасы бар «КамАЗ» боранның салдарынан жол шетіне түсіп кеткен. 54 жастағы жүргізуші Петропавлдан Возвышенка елді мекеніне сүт құйып алу үшін бара жатқан.


 Қарда батып тұрған жүк көлігі жайлы полиция қызметкерлеріне жол техникасының жүргізушісі айтқан. Өкінішке орай патрульдік полиция батальонының қызметкерлері боран басылғанша жақын маңда күтуге мәжбүр болған. Кейін жергілікті «Возвышенское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен көмек сұрады. Кәсіпорын басшылығы шынжыртабан трактор, экскаватор және 2 жүк тиегіш жіберді. Түске жақын жүк көлігі қар құрсауынан шығарылды. Полицейлер жолдардың жабылғаны туралы ескертуді елемей, жолға шыққан жүргізушілерге әкімшілік жауапкершілік барын еске салады.