Өңірге ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Мырзабаев келді. Жұмыс сапары барысында вице-министр облыс тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Ержан Мырзабаевтың сөзінше СҚда кәсіп ашып, өз ісін дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Мұнымен қоса тұрғындардың да әлеуметтік жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді.


Экономиканың негізгі секторы – өндеу өнеркәсібі. Соңғы 3 жылда облысқа 850 млрд теңге инвестиция тартылды. Осылайша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 306 млрд теңгеге дейін өсті. Ал, жыл басынан жалпы аймақтық өнім 606 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек 2025-ші жылға дейін өңірде 432 млрд теңгеге 35 инвест жоба іске асырылмақ. Осылайша 6 мың жаңа жұмыс орны құрылады.


ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

-  Жыл соңына дейін өңірде құрылыс блоктарын өндіретін кәсіпорын іске қосылмақ. Нәтижесінде бұл зауыт 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 250 мың текше метр өнім шығармақ.Мұнымен қоса ауыл шаруашылық техникасы - тіркеме шығаратын ірі жоба қолға алынбақшы. Бұл да өте жақсы. Себебі, СҚ астықты аймақ. Тағы бір қызық жоба ол дәрілік препараттар жасалатын зауыт ашылмақ.


 Вице-министр тұрғын үй саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Бүгінгі күні облыс бойынша құрылыс 60-тан астам алаңда жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар нысандар мен қатар 27 бюджеттік және 34 коммерциялық үй тұрғызылуда. Соңғы 5 жыл ішінде облыста 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес 2026 жылға дейін 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Халықты таза сумен қамтамасыз ету де назардан тыс қалмаған. Қала бойынша бұл мәселе толығымен шешілсе, елді мекендердің кейбірі әлі күнге ауыз сусыз отыр.


ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

-  Бүгінгі күні облыс ауылдарының 84 пайызы таза сумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш әлі де төмен. Мәселені шешу үшін жергілікті билік өкілдері жұмыс істеулері тиіс. Себебі ел қазынасынан осы мақсатқа 8 млрд теңге бөлінді.


 Облыстың автомобиль жолдарының желісі 9 мыңға жуық шақырымды құрайды, оның ішінде 2 мың шақырым – Республикалық, 1983 км – облыстық және 5043 км – аудандық маңызы бар жолдар. Жылда бұл жолдарды жөндеп, ретке келтіруге қыруар қаржы бөлінеді. Өкінішке орай атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан кей тас жолдар сын көтермейді. Вице-министрмен кездесуге келген жерлестеріміздің бірі Сергеевка-Николаевка бағытындағы тас жолдың жағдайы нашар екенін айтып, шағымданды.


СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Жолдың жағдайы бізде республикадан сапасы төмен ажғынан 4-ші орын аламыз. Оларды реттеу бойынша жобаларымыз бар. Ол үшін жылына 650 шақырым жол жөндеуіміз керек. Жұмыстар атқарылып жатыр. Бірнеше мекеменің шарттарын бұзып, жосықсыз мердігер санатына қостық.


 Кездесуде жолаушылар тасымалы мәселесі де көтерілді. Жылда Петропавл қаласы әкімдігіне тұрғындардан жолаушылар көлігін қаржыландыру мен субсидиялаудың жетіспеушілігі туралы шағымдар түседі. Жергілікті билік өкілдері бұл проблемамен жақсы таныс және бірнеше жылдан бері оны шешудің жолын іздестіріп келеді.


ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Бүгінде бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырудамыз. Бұл іске тасымалдаушылармен қатар қоғам белсенділері де араласқан. Жақын уақытта тиісті қаражат бөлінеді деген ойдамыз.


Халықпен кездесуден кейін Ержан Мырзабаев БАҚ өкілдерінің қоғамдық көлікке, автомобиль жолдарын жөндеуге, тұрғын үй салуға, жеке құрылыс компанияларын ынталандыруға қатысты сұрақтарына жауап берді.



Майгүл Сейілбек