Облыстық Аналар кеңесі 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның құрамында 400-ге жуық адам бар. Кеңес қоғамдағы әйелдер мен балалардың рөлін арттыруға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бар күшін салып жүр. Бүгін кеңейтілген отырысқа аудандық Аналар кеңесінің төрағалары жиналып, жұмысты қорытындылады.


Қиындыққа тап болған келіншектерге көмектесіп, отбасындағы бірлікті сақтау. Бұл тұрғыда өңірдегі аналар кеңесі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір ұйым «Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» жобасы аясында түрлі кездесулер өткізіп, меморандумдар жасауда. Жалпы, мамандар әйелдерге жеке консультативтік көмек көрсетумен қатар, балаларды да назардан тыс қалдырмайды.


ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, СҚО ҚХА аналар кеңесінің төрағасы:

- Жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Енді профориентация бойынша квест өткізуді жоспарлап отырмыз. Алға қойған мақсаттарымыз көп. Келесі жылы «Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы жұмыстарымызды жалғастырамыз.


Бүгінгі бас қосуға өңірдің түкпір-түкпіріндегі аналар кеңесінің төрағалары келіп отыр. Шал ақын ауданындағы ауылдық округтер бойынша - 18, Сергеевкада 3 ұйым жұмыс істейді екен. Биыл аталған ауданда отбасындағы берекені нығайту мақсатында бірсыпыра шаруа атқарылған. Нағима Біләлованың айтуынша, жас отбасылардың ажырасуы өзекті болып тұр. Ерлі-зайыптылардың проблемасын шешуге көмектесу үшін арнайы психологтар тартылған.


НАҒИМА БІЛӘЛОВА, Шал ақын аудандық аналар кеңесінің төрағасы:

- Біздің басты мақсатымыз - отбасындағы күрмеулі мәселені біржақты ету. Егер ана бақытты болса, үй де тыныш, бала да шат болады. Сол үшін келіншектерге көп көңіл бөлеміз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да көмекке жүгінеді. Балаларды мектепке даярлау үшін меценат, кәсіпкерлерді табамыз. Биылдыққа 30-ға жуық отабсыға қолдау көрсетілді.

Аналар кеңесінің құрамына 20-дан астам этномәдени орталықтың қыз-келіншектері кірген. Құрылған ұйымның ерекшелігі де осында.


ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚО ҚХА аналар кеңесінің мүшесі:

- Бүгінгі кездесуде балалар «Зорлық- зомбылыққа қарсы» акциясына байланысты салған суреттерін көрсетіп жатыр. Кімге қандай орын берілетіні белгілі болады. Ұл-қыздардың ойы таң қалдырды. Аналар кеңесінің ең басты мақсаты - әлемде бейбітшілікті сақтау. ҚР-да ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайту үшін әр әйел өз мәдениетін, ақылын салуы керек деп ойлаймын.


Жиында аналар кеңесімен бірлесе жұмыс істейтін жандарға алғыс хаттар табыс етілді. Сондай-ақ, республикалық ертегі жазу байқауының жүлдегерлері де марапатталды. Үздік шығармалар жинаққа енбек.