Петропавлда «Демеу жұлдыздары» 5-ші облыстық фестивалі өтті. Өңірдің 500-ден астам ұл-қыздары 5 аталымда бақтарың сынап, қазылар алқасына өз өнерлерін паш етті. Дарынды балақайлар бас қосқан іс-шараға арнамыздың түсіру тобы да қатысып қайтты.


Карина Серикова Чкалов арнайы түзету мектеп-интернатының 10-ы сынып оқушысы. Қыз «Демеу жұлдыздары» фестиваліне киізден «Менің Отаным - Қазақстан» атты сурет жасап әкеліпті. Жылда фестивальге қатысатын бойжеткен қолөнермен бала кезінен айналысып келеді. Сүйікті ісі түрлі бояуларды қолданып табиғат көріністерін қағаз бетіне түсіру.


КАРИНА СЕРИКОВА, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ:

-  Бұл суретті ойдағыдай жасап шығу үшін бір аптадай бар күшімді сарп еттім. Әрине, киізбен жұмыс істегесін қиындықтар болды. Соған қарамастан, еліміздің сұлу да көрікті табиғатын жоғары деңгейде түрлі-түсті матаның көмегімен жеткізе алдым деген ойдамын.


Ал, Арина Цепух болса өз күшін «Көркем сөз» аталымында сынап көрмек. Үздік атану үшін Якорь ауылының намысын қорғап келген оқушы қыз өзінің ұстазы жазған «Атамекен» өлеңін жаттап келген.


АРИНА ЦЕПУХ, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ:

-  Бұл өлеңді қазақ тілі пәніне сабақ беретін апайым жазды. Шумақтарында туған жеріміз Қазақстан туралы айтылады. Әдемі табиғаты мен халқы, салт-дәстүрі өрнектеледі. Бұған дейін де бұл фестивальге қатысып, бірінші орын алған едім. Биыл да жүлдегер атансам ба деймін.


 «Демеу жұлдыздары» 5-ші облыстық фестиваліне қатысам дейтін балақайлардың саны өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда артты дейді ұйымдастырушылар. Егер 2018-ші жылы байқауға 150-200 кішкентай жерлесіміз қатысса биыл олардың саны 500-ден асып жығылады. Оған себеп талантты балаларға көрсетілетін қолдау мен демеу.


ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, «ДЕМЕУ» БАЛАЛЫҚ ШАҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КООРДИНАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Өткізіліп жатқан іс-шара бұл ерекше балаларға қоғамға бейімделуге, әлеуметтік жағынан қоладу көрсетуге көмек көрсетеді. Бүгінгі таңда 500-ден аса қатысушылар өздерініің өтінімдерін берді. 5 номинация бойынша гран при беріледі.


 Жеңімпаздармен қатар қатысушылардың барлығы да алғыс хаттармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды.



Майгүл Сейілбек