Елімізде биыл наурыз айында "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңнама қолданысқа енді. Енді тұрғындар бекітілген ережеге сәйкес үй жануарларын, яғни ит-мысықты тіркеуден өткізіп, оған жеке нөмір алуы тиіс.


Бүгінде Петропавлда жаңа талапқа сәйкес 30 дан астам үй жануары тіркеуден өтті. Тағы 15-іне чип салынды. Жалпы чиптеу – бұл жануарларды электрондық бірдейлендіруге қажет. Мәселен ит-мысық терісінің астына 15 таңбалы саннан тұратын микрочип салынады.


НАТАЛЬЯ ТАРАКАНОВА, СҚО ӘКІМДІГІ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Бүгінде Петропавлда 30 үй жануары тіркелген. Жалпы процесс ақылы негізде жүргізіледі. Дегенмен, Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бұл қызмет мемлекет тарапынан төленеді. Есепке алынатын жануарларға - ит, мысық, Гвинея шошқасы, шиншила, сәндік егеуқұйрық, тасбақа, алақоржын сияқты жануарлар жатады. Олардың ішінде иттер мен мысықтар міндетті түрде есепке алынады. Ал қалған жануарларды тіркеу ерікті түрде жүргізіледі.


Үй жануарларын Тіркеу және чиптеу рәсімінің өзі 10 минуттан артық уақытты алмайды, сондай-ақ оның жануар үшін мүлдем зияны және ауыртпалығы жоқ. Екпе салуға бір рет қолданылатын шприцтер пайдаланылады.


НАТАЛЬЯ КИНЕТ, ВЕТЕРИНАР:

- Біз чиптеу жұмыстарын енді бастап жатырмыз. Осыған дейін 15 үй жануарына чип орналастырдық. Ешқандай шағым болмады. Ең алдымен жануарды толығымен қарап тексеріп шығамыз. Чиптегеннен кейін жануардың құжатына нөмірін жазамыз. Бұл бізге қаладағы үй жануарларының жалпы санын белгілеу, сондай-ақ олар жоғалған, ұрланған немесе ауланған жағдайда, иелеріне жануарларын тез тауып алуға көмектеседі.


Сонымен қатар, облыста "TANBA" жануарларды есепке алудың жаңа ақпараттық жүйесі қосылған. Онда үй жануарларының иесі жеке кабинет құрып өз үй жануарын тіркей алады.