ТОҚАЕВТЫ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБ 20 МЫҢНАН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТКІЗДІ


Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.Алматы қаласында өткен сайлаушылармен кездесуде Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов сайлау науқаны басталғаннан бері еліміздің барлық өңірінде 20 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасы өткенін атап өтті.«Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары қалалардың, аудандардың және шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Жалпы, бір айға жетпейтін уақыт ішінде өткен үгіт-насихат шараларына 2 миллионнан астам қазақстандық қатысты», - деді Ерлан Қошанов. Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханаларының бірінде студенттермен өткен кездесу барысында штаб мүшелері кандидаттың жастар саясатын жетілдіру жөніндегі басымдықтарына назар аударды.Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары саясаттанушылармен және сарапшылармен сайлауалды бағдарламаның саяси өзгерістерге, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған бөлімін талқылады.


 М. ҚАЖЫКЕННІҢ ШЫМҚАЛАҒА САПАРЫ


Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкеннің жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Мемлекеттік педагогикалық университеттің студенттері және оқытушыларымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кандидат жастардың идеяларын іске асыру үшін мүмкіндіктер беру қажеттігін атап өтті. Студенттер білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және ақпараттық қауіпсіздік, қорғаныс саласындағы мәселелерге қызығушылық танытты. Мейрам Зекешұлы қаладағы Жылу Электр Орталығында да болды. Кәсіпорын қызметкерлеріне елдің энергетикалық және жылу өнеркәсібін дамыту туралы айтты. Сонымен қатар кандидат Тәуелсіздік монументі, Алаш орда, қазақтың үш биінің ескерткіштеріне гүл қойды.


МЕЙРАМ ҚАЖЫКЕН, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:

 - Мықты өзімізге лайық әскер керек. Әскерді қару жарақпен қамтитын өзімізде өндіріс болу керек. Тараз бен Шымкенттің арасында Түлкібас деген қала бар. Осы лайық өндірісті бастауға.Таза технология. Ол жерде білікті мамандар жұмыс істейді. Сосын мына екі қалада университеттер бар. 


 АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ АЛҒА ҚОЙЫЛДЫ


Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Тараз қаласының сайлаушыларымен кездесті. Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы өкілдері, жүкті және босанған әйелдердің үйлерін аралап, әлеуметтік қызмет көрсетудің мәселелерін талқылады. Емхана қызметкерлдерінің айтуынша, патронаждық қызметтің бұл моделі ана мен бала денсаулығын бақылауға алып, зиянды факторлардың алдын алуды көздейді. Алайда, бұл салада кәсіби мамандардың жетіспеушілігі байқалады.


ҚАРАҚАТ ӘБДЕН, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:

- Ана мен баланың денсаулығы ұлттық деңгейде қарастырылатын үлкен күрделі мәселе. Әр ата-ана бала өмірге келмей тұрып баланың денсаулығын ойлау керек. 


Ж. ДАЙРАБАЕВТЫҢ СЕНІМДІ ӨКІЛІ ӨҢІРГЕ КЕЛДІ


«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы атынан президентікКе кандидат Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі Солтүстік Қазақстан облысына келді. Іс сапар барысында Николай Астюхин Қызылжар ауданы Чапаев елді мекенінде орналасқан «Қызылжар Сүт» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорын сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Бүгінде шаруашылықта симентал тұқымды 907 бас қара мал бар. Жылына 3 мың тонна өнім шығаруға қуатты кәсіпорында, бүгінде 57 адам еңбек етеді. Кездесу соңында Николай Астюхин кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Агроөнеркәсіп кешені мен елді мекендерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Өз кезегінде шаруалар да көкейкесті сауалдарына жауап алды.


НИКОЛАЙ АСТЮХИН, Ж. ДАЙРАБАЕВТЫҢ СЕНІМДІ ӨКІЛІ:

- Ауылдағы өнеркәсіп кешенін дамыту арқылы еңбек адамдары бірінші кезекте тұруы қажет.. Біздің кандидаттың басты міндеті - ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. Ол үшін барлық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы лайықты деңгейде болуы тиіс.


Н. ӘУЕСБАЕВ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ


Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат жұмыстарымен Ақмола облысына барды. Шортанды ауданы тұрғындарымен жолыққан оппазициялық партия өкілі сайлауалды бағдарламасына тоқталып, сайлаушылардың сөзіне құлақ түрді. Мұнда да ауылдың дамуы, жайылымдық жердің тапшылығ айтылды. Өңірде ауызсу мәселесі әлі күнге дейін жөнді шешімін таппағандығы алға тартылды. Нұрлан Әуесбаев тұрғындардың сұрақтарына барынша жауап беруге тырысты. Ертең кандидатты ұсынған “Жалпыұлттық социал-демократиялық” партиясы науқан бойынша қорытынды жиын өткізуді жоспарлап отыр.


НҰРЛАН ӘУЕСБАЕВ, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:

 - Кездесуде ауыл тұрғындарының қойған негізгі сұрақтары – ауылдың мәселесі, су мәселесі, ауыл айналасындағы жайылымды жер мәселесі тағы сондай мәселелер мемлекеттен бөлінген қаржылар қайда кетіп жатыр басқа да үлкен сұрақтарды қойды. Олардың қойған сұрақтарының бәрі дұрыс. Жалпы, біз өзіміздің сайлауалды бағдарламамызға сәйкес, барлық жердегі кездесулерді өткіздік .


С. ТҰРСЫНБЕКОВА ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА


Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанын еліміздің солтүстігінде жалғастырды. Ең әуелі Павлодардағы Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығына соғып, мекемеде ем алып жатқандармен жүздесті. Қазір орталықта 33 адам ем қабылдап жатыр. Кездесу барысында кандидат сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді. Мұнан соң Салтанат Тұрсынбекова Солтүстік Қазақстан облысына барды. Петропавл қаласында кәсіпкер әйелдермен кездесті. Қазір өңірде өз бизнесін дамытып отырған 70 мыңға жуық әйел бар. 38 мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Кездесу барысында әйелдер бизнес саласындағы қордаланған мәселелерін көтеріп, кандидатқа сұрақ қойды. 


САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:

 - Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындарының үлесі 42 пайыздан асады. Оның дені шағын және орта бизнесте. Біз тұрған Солтүстік Қазақстан облысында да өз ісін дамытып отырған әйелдер жетерлік. Бірақ бұл жерде ауыл әйелдерінің мәселесі өткір тұр.