Заңсыз пайда болған қоқыс полигондарының жыры таусылар емес. Қызылжар ауданы Бескөл ауылының маңындағы қоқыс алаңы халыққа қолайсыздық тудырып жатқанына біраз жылдың жүзі болған. Бей-берекет тасталған қоқыстың жағымсыз иісі қолқаны қабады дейді жергілікті тұрғындар. Бұл мәселені жергілікті билік қалай шешіп жатыр? Әріптесім тарқатсын.

Соңғы уақытта әлеуметтік желіден Бескөлдегі заңсыз ашылған қоқыс алаңына наразылық білдірушлердің жазбасын көптеп кездестіруге болады. Рұқсат етілмеген болса да, жақын маңдағы елді мекеннің тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды осында әкеледі. Тек, түсірілім барысы кезінде мұнда 6 көлік келіп, қоқысын төгіп кетті. Бұл - бір сағаттың ішінде ғана. 

ЖАҢАБЕК СӘДУОВ,  БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-
«Бескөл ауылында 1993 жылдан бері тұрып келемін. Бұрын қоқыс шығаратын жер Бескөл ауылының аумағында болған. Бұл полигон жабылғаннан кейін осы жақтан Элитное ауылының қасынан ашылған. Жел күні, дауыл күні бүкіл қоқыс қазақ зиратына ұшады. Ауылға ұшады. Сондықтан меніңше бір орнықты жер керек, ашық жер.»

Бей-берекет тасталған қоқыстың жағымсыз иісі қолқаны қабады дейді жергілікті тұрғындар. Желді күндері целофан мен қағаз, пластик ұшып, айналаға тарайды. заңсыз қоқыс полигонына жақын Әуежай да орналасқан. Тұрмыстық қалдық өртенген кезде түтін әуе айлағынан ұшатын немесе қонатын ұшақтарға қауіп төндіреді екен. 

ҚАНАТ ДӘРІБАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ БЕСКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
-
«Сондықтан Бескөл ауылдық округінде полион салу тыйым салынған. Біз қазіргі таңда жер учаскесін таптық. Ең жақын дегені 22 км жерде. Сол жер учаскесін ресімдеу мәселесін қарастырып жатырмыз. »

Енді барлық мәселе қаржының бөлінуіне байланысты. Әкім жалғыз өзі бұл проблеманы шеше алмайды. Сондықтан көмекке облыстық мәслихат депутаттарына жүгінуге тура келген. 

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
-
«Негізі ақша бөлінген. Бірақ, бұл қаржы біз тұрған Бескөлдегі заңсыз қоқыс полигонына қарастырылмады. Облыс аумағында бұдан басқа да заңсыз қоқыс алаңдары жетерлік. Қазіргі таңда бюджетте аталған проблеманы толығымен шешу үшін қаражат жоқтың қасы. Дегенмен алдағы уақытта шешуге тырысатын боламыз.»

Жергілікті билік өкілдері бұл мәселені қашан шешетіні белгісіз. Бәрі қаржыға барып тіреледі.

Нұрбол Балғабеков