Қазанның 1-нен бастап елімізде номиналдық құны 20 мың теңгелік жаңа банкнота айналымға шықты. Бұл банкнота айналымдағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған.
Мысалы, бет жағында тігінен, сырт жағында көлденең орындалған жаңа бейнелер орналасқан. Дизайны номиналдың голографиялық бейнесі тігінен орналасқан металсыздандырылған жолақты қолдана отырып жасалған. Банкноттың 25 қорғаныш элементі бар. Сұр түске басымдық берілген. Айта кеткен жөн, жаңа купюра «Қазақ елі» сериясымен ұсынылған қазіргі таңда айналымда бар 500, 1 мың, 2 мың, 5 мың және 10 мың теңгелік номиналдағы банкноталардың қатарын толықтырады.
МЕЙРАМ МӘМБЕТОВ, «ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ» АҚ СҚФ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:
- Банкнотаның бет жағында ҚРның мемлекеттік рәміздері, «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы, «Басқұр» қазақ ұлттық ою-өрнегінің фрагменті және Тәуелсіздік жылдарын білдіретін «30» саны бейнеленген. Ал, сырт жағында Астананың және Ақорданың резиденциясының панорамалық көрінісін көруге болады. Номиналы 20 мың теңгелік жаңа дизайндағы банкнот ҚР-ның бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдауға, банктік шоттарға есепке алуға, аударуға және ұсақтауға, айырбастауға жатады.
Майгүл Сейілбек