Дәрігерлер, тәртіп сақшылар, құтқарушылар. Бұл жандармен қатар ел игілігі үшін еңбектеніп жүрген азаматтардың бірі – ауыл әкімдері. Қазіргі таңда біздің өңірде 150-ден астам адам осы салада тынбай жұмыс істеп келеді. Солардың қатарында «Болашақ» бағдарламасының түлектері де бар. Мәселен, Уәлиханов ауданы Қайрат ауылының әкімі Ержан Бітниев Ұлыбританияда алған білімі мен тәжірибесін туған жерін дамыту мен гүлдетуге сарп етпек. 
 
 
Ержан Бітниев Уәлиханов ауданы, Қайрат ауылының тумасы. Шалғайда жатқан елді мекеннің дамуына өз үлесін қосу үшін ерадам 2004-ші жылы елордадағы Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдайды. Кейін қолына үздік дипломын алып туып,өскен ауылына қайтып оралады. Бұл жақта ол 4 жылдай мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып еңбектенеді. 2007-ші жылы Қайрат ауылдық округінің әкімі аппаратына мемлекеттік қызметке ауысады. Ал, 2011-ші жылы мемлекттік қызметші ауыл жастарына арналған квотамен халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен шетелдік университетке оқуға түседі. 
 
ЕРЖАН БІТНИЕВ, ҚАЙРАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
- Англияның Уорвик университетінде магистратурада білім алдым. 2014-ші жылы университетті бітірген соң елге келіп жұмыс істеуге болатын еді бірақ менің орнымда зейнет жасында бір ағамыз істеп жүрді. Сол себепті мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде жұмыс істедім. Ол жерде 2 жыл еңбек етіп, 2017-ші жылы Қайрат ауылының әкімі зейнет демалысына кеткен соң әкім болып сайландым.
 
Қарапайым отбасында дүниеге келген мемлекеттік қызметшінің әкесі механизатор, анасы саналы ғұмырын білім саласына арнаған. Ержан Қадырұлының үлкен әпкесі мен екі қарындасы бар. Барлығы да ұстаздық жолын таңдаған, жоғары білікті мамандар. Ал, ең кішкентайлары Гүлдана болса ағасы секілді «Болашақ» бағдарламасымен Ноттингем университетін тәмамдап, Қайрат ауылында мектепте ағылшын тілі мұғалімі болып еңбек етеді. 
 
ЕРЖАН БІТНИЕВ, ҚАЙРАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
-   Ауыл бытырап кетпесін деп сол жерге келдім. Өзімнің қолымнан келгенше еңбек етіп сол жерді тұрақтандырып көрейін деп. Екіншіден «Болашақ» бағдарламасына ауыл квотасы арқылы түстім. Шынымды айтсам ауылға алғысым шексіз. Қарыздармын. Сөйтіп елге келіп еңбек жолымды бастауды ұйғардым. 

 
Қайрат ауылдық округіне Қайрат және Жас Қайрат ауылдары кіреді. Бұл жақта 405 адам тұрады. Соның 253-і Қайрат ауылында. Ержан Бітниев 6 жылдан бері аталмыш ауылдық округте әкім болып еңбек етеді. Осы уақыт аралығында мемлекеттік қызметші елді мекендегі бірқатар әлеуметтік мәселенің шешілуіне үлес қосты. Мәселен, өткен жылы Жас Қайрат ауылында жастар демалыс орталығы ашылды. Бұдан бөлек округте 2 медициналық пунктте бар. 
 
МӘРИЯ САЙФИЕВА, ҚАЙРАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Ержан елге келгелі көп кісілер көшіп келді.Көркейді. Жарқырады деп айтуға болады. +0,36 Енді движение бар, көп жастар жер алып, мал алды. 
 
НҰРБЕК ЖАНАЛИЕВ, ҚАЙРАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 
-   Телефон бар, свет бар. СОл дамып жатыр ауылым. Ауылда жұмыс бар, мал ұстаймыз.
 
«Болашақ» бағдарламасының түлегі Ержан Бітниевтің болашаққа жоспарлары да ауқымды. Қайрат ауылдық округті әрі қарай дамытып, бұл жақтағы ең өзекті проблема жол мәселесін шешу солардың ен негізгісі,- дейді елге сыйлы әкім.
 
Майгүл Сейілбек