Қолжетімді медицина. Мамлюттік дәрігерлер қыркүйек айынан бастап аудандағы барлық елді мекендерді аралап, тұрғындарды медициналық тексеруден өткізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін жылжымалы кешен 1000 – нан астам қызмет түрін көрсеткен.  Бұл жолы мамандар Афонькино ауылдық округінің халқын қабылдап жатыр. 

Жылжымалы медициналық кешендегі ақ халаттылардың қабылдауына келгендердің бірі - Виктор Гофман. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал барлық мамандарға қаралып, қажетті емін алуда. Қазір онколог дәрігерге көрініп жатыр. 

 ВИКТОР ГОФМАН, АФОНЬКИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-
Әрине жас келгесін, ауырмай қоймайсың. Бірақ бұрын дәрігерге көріну үшін аудан орталығы не қалаға бару керек болатын. Сондықтан үлкен кісілер ауруханаға баруға асықпайтын. Ал бүгін мамандар өзімізге келіп, жақсы болып қалды. Осыны пайдаланып, барлығына қаралып шықтым. Міне, профилкатика ретінде онколог дәргерге де көрініп жатырмын.  

"Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде" деген қағиданы ұстанғандар арнайы көлікке қарай ағылған. Таңертең мұнда ұзын-сонар кезек болған. Түстен кейін келушілер саябырсыған. Десе де, кезегін күтіп отырғандар бар. 

3 ай бұрын маған ота жасаған болатын. Кешенде онколог маманның бар екенін естіп, соған жағдайымды тексерту үшін келдім. Қазір кезегімді күтіп отырмын. Тағы невропотолог маманға қаралмақпын. 

 Осындай қызметті көрсетіп жатқан жандарға алғысым шексіз. Үлкен кісілерге бір жаққа шығу қиын ғой. Ал кешен ыңғайлы. Ешқайда бармай-ақ, дәрігерлерге қарала қоясың.

Хирург, онколог-маммолог, терапевт, акушер-гинеколог, невропатолог және тіс дәрігері тұрғындарды қарап, диагностика жүргізуде. Осы жерде анализ тапсыруға да болады. Мұнда тек афонькинолықтар ғана емес, ауылдық округке қарайтын Орел мен Новоукраинский елді мекендерінің тұрғындары да келген. Оларды мамандар  жедел жәрдем көлігімен жеткізіп, кейін қайтадан апарып тастайды.

 КАРИНА ГРАУВЕРГ, МАМЛЮТ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
-
Бұл жылжымалы медициналық кешен бізге Ғ. Мүсірепов ауданынан келді. Біз оны ретке келтіріп, қыркүйек айынан бастап елді мекендерге шыға бастадық. Бүгінгі күнге дейін 4 сауылдық округке барып, 1000-нан астам қызмет түрін көрсеттік. Біз тек жоспарлы науқастарды ғана емес, диспансерлік есепте тұрғандарды да қараймыз. Түрлі ауруларды анықтап жатырмыз. Афонькино ауылдық округінде 595 адам тұрады. Солардың 100-ге жуығы тексеруден өтті. Екі адамда тері обыры тіркелді. Енді оларды әрі қарай бақылауға алып, ем жүргізетін боламыз. Жалпы мұндай кешендер ауыл тұрғындарында бар түрлі дерттерді ерте бастан анықтап, әрекет етуге көмектеседі.

Келешекте жылжымалы медициналық кешенге тағы УЗИ және ЭКГ қызметтерін қосу көзделген. Ал ертең көлік, Воскресеновка ауылдық округіне аттанбақ. Жалпы қазан айына дейін мамлюттік дәрігерлер аудандағы барлық 16 мыңнан астам тұрғынды қамтымақ.