Өңір аграрийлері бүгінгі күні егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын да қолға алып, дамытып жатыр. Оған дәлел облыс аумағында салынып жатқан сүт-тауарлы фермалардың артуы . Жалпы, қазіргі таңда өңірде 17 ферманың құрылысы жүріп жатыр.  Солардың қатарында «Жолдасбай Агро» фермерлік қожалық та бар. Әріптесім Майгүл Сейілбектің бейнематериалына назар аударайық.
 
«Жолдасбай Агро» фермерлік қожалығы сүт-тауарлы ферманың құрылысын өткен жылдың көктемінде қолға алған. Жоба құны 5,2 млрд теңге. Соның 1 млрдын кәсіпкер мемлекеттен қолдау ретінде алды.  Кешен 1200 басқа шақталған. Мұнда гольштейн тұқымды қара мал әкелінбек. Тәулігіне 20 тонна, жылына 7 мың тонна ақ алу жоспарланған. 
 
ӘЛІБЕК ҚОҚАНОВ, «ЖОЛДАСБАЙ АГРО» ФҚ  БАС ЗООТЕХНИГІ:
-  2013-ші жылдан бері біз етті бағытта ірі қара мал өсірумен айналысып келеміз. Енді сүтті бағытта да өзімізді сынап көргіміз келеді. Бұл бағыт өңірімізде жақсы дамып келеді.  Алынған сүтті өңірдегі және көршілес облыстардағы  зауыттарға жеткізбекпіз.Бірақ  болашақта осы Кішкенекөлдің өзінде сүт өндейтін зауыттың құрылысын қолға аламыз. 
 
 Сүт-тауарлы ферма іске қосылса 50 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бүгінгі күні нысанның құрылыс алаңында 60-қа жуық маман еңбектенеді. Мердігер компания «Аком Групп» ЖШС-і. Серіктестік өкілдерінің сөзінше құрылыс материалдарының барлығы да отандық өнім. 
 
СЕРГЕЙ БАЖКО , «АКОМ ГРУПП» ЖШС ӨКІЛІ:
-   Құрылыс  өткен жылдың мамыр айында басталды. Жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 2 сиыр қорасы тұрғызылды. Жалпы, компаниямыз ауыл шаруашылық нысандарының құрылысымен ғана айналысады. Тәжірибеміз мол.
 
 Кешенді 2023-ші жылдың тамызында іске қосу жоспарланған. Жалпы бүгінгі күні облысымызда 17 сүт ферманың құрылысы жүріп жатыр. Соның 8-і осы жылдың аяғына дейін тапсырылмақ.
 
Майгүл Сейілбек