Қаланың қақ ортасында жеке секторда тұратындар қоқыстарын жерге лақтырып жатыр. Себебі, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын жәшіктер жоқ. Оны жылдың басында қызмет көрсетуші компания алып тастапты.  Тұрғындар мәселені айтып арнамызға шағымданды. Тілшілеріміз қала әкімдігіне барып, мән-жайды сұрады. 

Мына сұрықсыз көріністі көргенде қаланың қақ ортасы деп айту қиын. Жағалай шашылған қоқыстар маңайдың сәнін кетіріп тұр. Оған қоса осы маңда адамдар су алады. Шәжімбаев, Пушкин көшелерінің тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды қайда жіберерін білмей дал.  Айтуларынша, осы маңда үш бірдей қоқыс жәшігі тұрған. Оны жылдың басында алып тастапты. 

ЫРЫСТЫ ЖҮСІПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Бұрынғы әдетінше, тұрғындар қоқыстарын осы жерге алып келіп тастап жатыр.  Қаңғыбас иттер жиналады. Шыбын үймелейді. Мен өзім қоқысты шығару қызметінің ақысын төлеймін. Коммуналдық қарыздарым жоқ. 

АНАТОЛИЙ БЕЛОНОГ, ҚАЛА  ТҰРҒЫНЫ:

- Маңайда бірде-бір қоқыс жәшігі жоқ. Жанымызда дәмханалар, дүкендер бар. Солардың бәрі қалдықтарын осында лақтырады. Көршілерімнің барлығы зейнеткер. Олар қоқыстарын қайда апарады? Қоқыс жәшігін алып кетерде бізден әкімдік рұқсат сұраған жоқ. Пластмассаларды пешке жаға алмаймыз. Мұржаны бітеп тастайды. Өрт қауіпсіздік ережесіне кереғар.

Мәселенің мән-жайын білу үшін қала әкімдігіндегі құзырлы бөлімге сұрау салдық.  Айтуларынша бұл мәселені тұрғындар коммуналдық ксіпорынмен біріге шешулері керек екен.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ТКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛIГI ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Жеке секторда тұратын азаматтар қоқыс шығаратын компаниялармен келісім-шарт жасасу керек.  Өйтпеген жағдайда, көшеге лақтырған қоқыс үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қайталап айтамыз, жеке сектордағы қоқыс жәшіктерін әкімдік орнатып бермейді.

Облыс орталығындағы басқа жеке секторларда қоқыс жәшіктері тұр. Әкімдіктің мәліметінше,  ондағы тұрғындар өздері коммуналдық кәсіпорындармен келісім-шарт жасасыпты. 

Берік ҚАСЕН