Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы» атты VI Республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Дәстүрлі шешендік өнер додасы биыл британ парламеттік форматында ұйымдастырылды. Оған ойы жүйрік, тілі шешен жастардан құралған 50 құрама бас қосты.
Биыл республикалық пікірсайыс турнирі әдеттегідей студенттердің емес, мектеп оқушыларының арасында өтті. Тағы бір ерекшелігі балалар 3 тілде яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сайысты. Қарағанды облысының намысын қорғап келген Эльвира Сатмаханованың дебатқа қатысып жүргеніне 3 жыл. Ол туған қаласы Теміртауда өткен бірнеше доданың, облыстық және республикалық сайыстардың жеңімпазы. Оқушы қыздың пікірінше, пікірсайыс турниріне қатысу үшін жастар ең алдымен білімді болуы тиіс.
ЭЛЬВИРА САТМАХАНОВА, ПІКІРСАЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫ:
- Бұл көкжиегімізді артады, көзқарасымызды өзгертеді. Көптеген өзекті мәселелерді шешеміз дебатта. Және де дебатта біз экономикалық, саяси және әлеуметтік жағынан да қараймыз. Қазіргі кезде мәселен, дебаттарда Қазақстандағы және шетелдердегі әлеуметтік жағдай көтеріледі. Біз енді екі де позицияны ұстана береміз. Бірақ өзімізге көбірек пайда әкелетіні әлеуметтік жағдайды көтерген жақсы деп ойлаймын.
Ал, Ұлы Абай атамыздың туған жерінен келген Нұрау Зейнулланың жасы 14-те. Жасөспірім қазақтың Төле, Әйтеке және Қазыбек билерін өнеге тұтады. Пікір сайыстарда әлеуметтік, саяси және қоғамдық тақырыптарды көтеріп жүр.
НҰРАЙ ЗЕЙНОЛЛА, ПІКІРСАЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ:
- Біздің қазіргі әлеуметтік проблемаларды қозғап, олардың шешілу жолдарын тауып, адамдарға көмектесу арқылы ойнағанды жақсы көремін. 3 фракция болып кеолдік Семей мектеп лигасынан. Осы дебаттың арқасында мен жаңа достар таптым, жаңа ортамды таптым. Мен өзімді ашу арқылы, сөздік қорымды көбейттім.
Оқушылардың шешендік өнеріне баға беру қалыптасқан дәстүр бойынша өткен жылдардың жеңімпазына беріледі. Биыл 2017 жылдың дүлділі, ұтқыр ой мен ұшқыр сөздің иесі Абылай Боранбай қазылық етті.
АБЫЛАЙ БОРАНБАЙ, ПІКІРСАЙЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ:
- Пікірсайыс ойыны ол адамдардың бойында интеллектіні қалыптастыратын болса, біз әрдайым төреші ретінде олардың ойы қаншалықты логикалық түрде дұрыс екендігін, қаншалықты шынайы ақпарат екендігін негізге ала отырып шешімдер қабылдаймыз. Жеңі үшін әрқашанда оқу керек.
Пікірсайыстың бұл жолғы ерекшелігі ол Британ Парламенттік форматта өтуі. Сонымен қатар қатысушылар талдайтын тақырыпты турнирдің басталуына 15 минут қалған кезде біледі.
БАҚЫТЖАН ТҰРСЫНОВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
- Біз оқушылардың арасындағы шешендік өнерге деген қызығушылықты арттыра аламыз деп есептеймін. Және де болашақта кез-келген аудиторияның алдында өзін сенімді ұстауға, өзінің ойын толық және анық жеткізе алуға мүмкіндігі туады. Ьиылғы турниріміз өте дәстүрлі боғанымен, ерекшеліктерге толы.Биыл пікірсайыстың тарихында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жан қатысып жатыр. Әрине бұл біздің қоғамның көзқарасының дұрыстығын дәлелдейді.
Сайыс қорытындысы бойынша қазақ лигасында бас жүлдені Семей және Петропавл қаласының оқушыларынан құралған «Империя» командасы иеленсе, жекелей сында Семей қаласының оқушысы «Үздік спикер» атанды. Турнир жеңімпаздары кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Майгүл СЕЙІЛБЕК