Ғ.Мүсіреповтің әйгілі романының кейіпкері, ел анасы, қазақтың Джакондасы Ұлпан Артықбайқызының зиратының қайда орналасқанын біреу білсе, біреу білмес. Қазақтың ақылгөй әрі дана қызы Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылының іргесіне жерленген. Оның моласы 2012 жылы жаңартылып, былтыр сакралды ескерткіштердің қатарына енді. Түсірілім тобымыздың даЙындаған бейнематериалына зер салайық.
НҰРСҰЛТАН ТІЛЕКТЕСОВ, ТІЛШІ:
- Сибанның басына туған Ақнары,
Елден ерекмейрімі мен ажары.
Жаралған тереңдіктен ел анасы,
Ғабеңнің айтып өткен Джакондасы.
Дәл қазір біз қазақтың ақылгөй дана қызы, Ғ.Мүсіреповтың әйгІлі романының бас кейіпкері Ұлпан Артықбайқызының зиратындамыз. Бұл зират жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылының іргесінде орналасқан. Бұрында мына жазықтықта ауыл болған деседі. Сол ауылда Ұлпан тұрыпты. Сондықтан болса керек Ұлпан сол ауылдың маңайына жерленген.
Жазық далада бір ғана зират тұр. Сондықтан бірден көзге түседі. Қызыл кірпіштен қаланып, төбесіндегі күмбез бен төрт жағындағы кішкентай мұнараларға мұсылманша жарты ай орнатылған. Жаңажол ауылындағы Ғ.Мүсірепов музейінің қызметкері Клара Қошаеваның айтуынша моланы 2012 жылы жаңартқан.
КЛАРА ҚОШАЕВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
- Сибан руының адамдары ол кісіні әулиедей сыйлаған. Ұлпан қайтқанда Оның зиратын олар бес жылдан артық күтімге алған, ауыл аналары. Оның топырағы азайып, төмен түсіп кеткен кезде ақ аналар ақ жаулықтарның шетіне балшық тасып ылғи жоғары көтеріп отырған екен. Күйеу баласы Торсан өте қатігез нашар адам болған ол кісі жай көк тастан белгілі қойған. Ал ауыл адамдары оны алып тастап ақ мәрмәр тастан белгі қойған екен.
Ұлпан 1828 жылы туып 1878 жылы дүниеден озған. Жарты ғасыр ғұмырында өзінің елі үшін, халқы үшін көптеген игі істер жасап кетті. Қарапайым халыққа, кедей кепшікке көмектесіп, малы жоқтарға мал беріп, үйі жоқтарға баспана салғызып, ауыл балалырын медреседе оқытқан. Сондықтан да жұрт оны «Ел анасы» деп атап кеткен.
КЛАРА ҚОШАЕВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
- Ұлпан анамыздың көзін көрген кісілер айтады – өте ақ көңіл, ақ пейілді, парасатты ел анасы болған деп. Ғ.Мүсірепов Ұлпан романын бірден жазған жоқ. Ол көп ойланып елге келгенде мынау көзі көрген қария, адамдардан көбіне сұхбат алып Ұлпан жайлы, Есеней жайлы соны жазып жүріп және ел табиғатында тұрған жерлерін, туған жерлерінде болып соны біраз ойланып жазған екен.
Иә, Ғ.Мүсірепов өзінің күнделігінде : «Ұлпан 40 жыл бойы менің ойымда менімен өмір сүрді» - деп жазады. Яғни «Ұлпан» романынын жазу үшін Ғабең осыншама уақытын жұмсаған. Ұлпанның зиратының қасында оның туған туыстары мен жақындарының да аттары жазылған ескерткіш орын тепкен. Онда романдағы кейіпкердердің есімдерін де кездестіруге болады.
- Есеней қызы Бибіжиһания, Біжкен дейді романда. Бұл Торсанның зайыбы. Есенеймен Ұлпанның жалғыз қыздары. Бірақ ол ерте жастай қайтыс болған.
Зираттың айналасына да Ұлпанның жақындары мен ауыл адамдары жерленіпті. Бірақ мұнда ешқандай қоршау жасалмаған.
НҰРСҰЛТАН ТІЛЕКТЕСОВ, ТІЛШІ:
- Бұл зират былтыр Қазақстанның сакралды ескерткіштерінің қатарына енді. Себебі тарихи маңызы бар. Соңғы кездері зират басына Ұлпанның рухына тағзым етушілердің қатары артқан. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Өйткені тарихи тұлғаларымыздың есімі ұлықталып жатыр.
Зиратты аралап болған соң, Жаңажол аулындағы Ғабеңнің музейіне бардық. Онда Ұлпанның өзі жазған қолжазбасының түп нұсқасы сақталған. Оған қоса Ғ. Мүсірепов жайлы да көптеген қызықты мәлеметтер мен оның жеке заттарын тамашаладық.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ