Бүгінгі күні облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және  оны шығарумен     7 арнайы  кәсіпорын айналысады.   Олар 100 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.  Жалпы, Петропавл аулаларына  2 мыңнан астам    жәшік орнатылған.  Соңғы  кездері петропавлдықтардың тарапынан  қоқыс  жәшіктері мен олар тұратын  орынның  ұсқынсыз сиқына қатысты  шағымдар түсетін болған.

Жиынға қатысушылар  облыс орталығында  тұрмыстық қалдықтарды  бөлек жинау  жүйесін жандандыру қажеттігін айтты.   «КоммунСевер» серіктестігінің  бөлім жетекшісі Марат Мұқашевтің айтуынша,  әзірге жаңашылдық  өз нәтижесін бермей отыр.  Қалалықтардың 80 пайызы    жаңа  әдіске немқұрайлы қарайды.  Жиында  қаралған тағы  бір мәселе -   тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигондарға орналастыру жайы.  Кейбір мекемелердің    «Коммунхоз» кәсіпорны  алдындағы    қарызы  бірнеше миллион теңгеге жеткен.  

Осыған  орай,   шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов  биыл  1-ші шілдеге дейін  қарызды өтеп, контейнер  алаңдарын тәртіпке келтіріп, басқа да  олқылықтарды жоюды тапсырды.